Úı ANONS Сайрамда жаңа ардагерлер үйі ашылды

Сайрамда жаңа ардагерлер үйі ашылды

Сайрам ауданы, Қарасу ауылында қарттар үшін заманауи талапқа сай жаңа «Құрмет» ардагерлер үйі пайдалануға берілді. Ғимараттың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Мұнда қариялардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған.

Кәсібін өрлетіп, тірлігін дөңгелетіп отырған Сайрам жұртшылығы үшін жағымды жаңалық. Өңірде барлық жағдайы жасалып-жабдықталған ардагерлер үйі ашылды. Нысанның ауласы абаттандырылып, демалыс алаңшалары жасақталған. Бау-бақша жанында серуендеуге арналған арнайы терренкур орнатылып, скандинавиялық серуен жолы қарастырылған. Жаңа орталық бір ауысымда 200-ге жуық адамды қабылдай алады.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде қарттарға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салт екенін атап өтіп, елдің береке-бірлігін сақтауда аға буынның рөлі ерекше екенін айтты. Қарияларға арналған ғимараттың ашылуына орай ардагерлерге сый-құрмет көрсетіліп, мерекелік дастарқан жайылды. Концерттік бағдарлама ұсынылып, марапаттар табысталды.

Бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам зейнеткер бар. Қариялардың өмір сапасын жақсарту үшін өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын мыңдаған зейнеткер демалыс орындарында саулығын нығайтуда. Айта кетейік, бұған дейін өңір қарияларына 1976 жылы салынған Шымкенттегі ескі ғимарат қызмет көрсетіп келген еді. Енді жаңа әрі кең «Құрмет» орталығы облыс қариялары үшін игілікке айналмақ.

Дилара Иса