Шымкентте 19 әскери қызметкерге пәтер кілті табысталды

386

Отан қорғаушылар күніне орай баспаналы болғандар 6506 «Ұлттық ұлан» әскери бөлімінің қызметкерлері. Олар қаламыздағы «Тұран» шағынауданында тұрғызылған су жаңа тұрғын үйлерге қоныстанды.

Жаңа пәтердің иесі — Гүлжан. Ол бұл қоныс тойды 5 жыл асыға күтті. 5 жылға жуық әскерде медбикелік қызмет атқарып, кәсіби мерекесіне орай баспаналы болды. 3-бөлмелі пәтерге қол жеткізген бойжеткен қуанышын жасыра алмады. Енді әріптестерімен тек қызметтес емес, көрші болмақ.

Гүлжан Қуатова, 6506 әскери бөлімінің медициналық бөлім басшысы, аға лейтенант: «Бүгін мен үшін қуанышты күн. Қанша жылғы арманыма қол жеткіздім. Баспаналы болдым. Бұл мен үшін түлкен қуаныш».

Қарулы күштердің құрылу күніне орай Гүлжанмен бірге, 19 әскери баспаналы болды. Олар пәтерді тұрғын үй төлемдерін алушылар кезегі арқылы қол жеткізген.

Қуатбек Қоспанов, ТҮҚЖБ-і филиалы директорының орынбасары: «Бұл жерде пайыздық мөлшерлемесі 8 пайызбен. Алғашқы жарнасы 15 пайыздан жоғары. Несие максималды 19 жылға берілді».

Айта кету керек, әскери қызметкерлер бұл жеңілдетілген несиеге қалталары жұқармайды. Дәлірегі, мемлекет ай сайынғы жалақыларынан бөлек, үй ақысын да өтеп отырады екен.

Қайрат Үмбетов, 6506 «Ұлттық ұлан» әскери бөлімінің командирі: «Үкімет тарапынан төленетін жоба бұл».

Айта кету керек, облыс бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінде 7 500 адам бар. Биыл дәл осы «Тұран» шағынауданында 500 адамға пәтер қарулы күштер қызметкерлеріне үлестіріледі деп жоспарлануда.

Айя Мүтәлі