Түркістан облысының полицейлері жоғалған қыздарды тапты

346

Түркістан облысы Ордабасы​ ауданында 14 жасар қыз бала жоғалған. 28 мамыр күні жасөспірім​ үйінен белгісіз жаққа шығып кетіп қайтып келмеген. Ата-анасы қызын өз беттерінше әбден іздеп таппаған соң тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің полицейлері жоғалған қыз баланың ерекше белгілері бойынша іздеуге кіріседі. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жасөспірім қызды анасының танысының үйінен тапқан. Полицейлер​ табылған қыздың денсаулығына төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ екендігін анықтаған. Қазір 14 жасар қыз баланың үйінен ешкімге айтпастан шығып кетуіне не себеп болғанын анықтау мақсатында тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Қыздарынан қапияда көз жазып қалған ата-ана арыз түскен сәттен бастап, жедел әрекет етіп, қызын аман-есен тауып берген тәртіп сақшыларына дән ризашылығын білдірді.

Сарыағаш ауданында жас ана сауда орталығында сауда жасап жүріп 4 жасар қызынан көз жазып қалған. Қапияда қасына ерткен қызын жоғалтып алған анасы ірі сауда орталығының ішін, сол аумақтан шарқ ұрып іздеген. Таба алмай шарасы таусылған ана полицияға арызданған. Қасындағы қызынан қапелімде көз жазып қап өкінген ана бар үмітін тәртіп сақшыларына артады. 4 жасар бүлдіршінді іздестіруге жедел кіріскен полицейлер жоғалған аумақты басты назарға алады. Нәтижесінде бірер сағатта 4 жасар қыз баланы тауып, анасымен қауыштырды. Айта кету керек,​ жыл басынан бері осымен жоғалған 9-шы баланы тәртіп сақшылары іздеп тауып, аман -есен ата- аналарына табыстап отыр.

Жанар Есенбекова