Төлеби ауданында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бірнеше жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың бірі тәулігіне 100 тонна асфальт-бетон өнімдерін шығаратын жалпы құны 120 млн. теңгелік «Бірлік» ЖШС зауытының құрылысы.
Онда жаңа 20 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, құны 120 млн. теңгені құрайтын жылына 1000 тонна бройлер етін өндіретін «Шымкент құс» құс фермасы. Аталған жоба 2020 жылға қарай іске қосылатын болады.
Аудандағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 8 211, оның ішінде 92,4 пайызы белсенді жұмыс атқаруда. Аймақта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны 16 072 адамға жетіп, қосымша 675 адам жұмыспен қамтылған. Биыл кәсіпкерлік саласында 40,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, жұмыс істейтіндер санын 16 475 адамға жеткізу көзделуде.
Төлеби ауданының өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортталуда. Мәселен, «Газпромнефть-Битум Казахстан» ЖШС-і өткен жылы 230 мың тонна битум шығарып, оның 148 мың тоннасын Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне экспорттаған. «Астық сауда» және «Аққұм астық» ЖШС-і 36,3 мың тонна ұн өнімдерін Өзбекстан мен Ауғанстан елдеріне экспорттаса, «Бағдаулет-1» ЖШС-і бастапқы 10 тонна мақсары майын Қытай еліне экспорттаған.
Бұдан өзге, ауданға демалушыларды кеңінен тарту мақсатында жалпы құны 400 млн. теңгені құрайтын «AISA», «Ақкен» және «Асем Тау» демалыс орындары іске қосылды. 2019 жылы Қасқасу ауыл округінен құны 500 млн. теңгеге «SAIRAM SU resort» 100 орындық демалыс орны мен Қоғалы ауыл округінде құны 100 млн. теңгеге саумал-сауықтыру кешенін ашылатын болады. Кешеннің сиымдылығы 50 орынды құрайды.
Сондай-ақ, Алатау ауыл округінде құны 150 млн. теңгеге «Таңсұлу» демалыс аймағының құрылысы, Кемеқалған ауыл округінде құны 150 млн теңгеге «Алма-Тау» демалыс аймағынан қосымша құрылыс нысандарын салу жұмыстары жүреді.