Түркістан облысы Жетісай ауданында бүгінде 178 мыңнан астам халық тұрады. Халықтың негізгі күнкөрісі — ауыл шаруашылығы. Яғни ауданда мақта дақылынан бөлек, бақша, көкөніс, жеміс-жидек және ерте көктемгі дақылдар өсіріледі.
Биылдың өзінде аудан шаруалары 78 мың гектар егістік жерге егін екті. Оның 45 мың гектарын мақта дақылы құрайды. Қазірдің өзінде жетісайлық шаруалар 15 мың гектарға жуық егістік алқапқа ақ алтын дәнін сеуіп үлгерді. Аудан диқандары бір күнде 2635 гектар жерге мақта егуде.
Сондай-ақ, ауданда 13 мың 813 гектарға жуық егістік жерге бақша дақылдары егілді. Атап айтсақ, 8771 гектарға ерте егілген пленкалы қауын, 4135 гектар жерге қарбыз дәні себілген. Бұдан бөлек, 742 гектарға ашық қауын мен 165 гектарға қарбыз отырғызылған.
Аудан шаруалары ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру мақсатында соңғы жылдары мақта егістігінің көлемін едәуір азайтуға күш салуда. Яғни, ерте көктемгі қырыққабат, баклажан, балғар бұрышы секілді дақылдарды өсіруге бейімделуде. Бұл өз кезегінде сәуір айының ортасында алғашқы өнім алып, көл-көсір пайдаға кенелуге болады деген сөз. Сондай-ақ, бұл үрдіс бір жерден екі рет өнім алуға өзіндік септігін тигізеді.
Айта кетейік, жетісайлықтар биылғы жылдың ерте көктемінде 1022 гектар алқаптан 35816 тоннаға жуық қырыққабат өнімін алды.