Арыс қаласына 3 күнге дейін халықтың кіруіне рұқсат жоқ

150

Арыс қаласына 3 күнге дейін халықтың кіруіне рұқсат жоқ. Себебі қала жарылғыш заттардан әлі толық тазартылып үлгермеген. Осыған қарамастан қала тұрғындарының кейбірі үйлеріне баруға жол тауыпты. Жиған-тергенін өз көзімен көруге келгендер күтпеген жерден облыс әкімінің уәдесін де алды. Айта кетейік, күні кеше Өмірзақ Шөкеев қаланы қайта аралаған болатын.

Арыс қаласында қазір өлі тыныштық орнаған. Бірер күн бұрын мұнда болған қайнаған тіршіліктің қазір көлеңкесі ғана қалған. Көше бойында қараусыз қалған үй жануарлары босып жүр. Бірақ, қауіпке қарамастан қалаға қайта оралған тұрғындар да бар.

Ақниет Ермекбай, Арыс қаласының тұрғыны: «Арыста үйлер тоналып жатыр. Енді не істейміз?! Алтын, құжаттардың барлығы үйде жатыр. Оларға қарамасақ болмайды».

Дәл осы тойханада бүгін ас беру шарасы өтуі керек еді. Бірақ, айтып келмеген апат оның бүгінде сау-тамтығын қалдырмаған. Оны естіген иесі де жанын қоярға жет таппай жетіпті.

Ғабит Майлышев, Арыс қаласының тұрғыны: «Ішінің барлығы екінші қабатына дейін быт-шыты шығып кеткен. Снарядтар жатыр. Неше түрлі қалдықтар жатыр. Мынаны кім істеп беретінін білмеймін енді. Жағдайым бола ма, болмай ма?! Осымен күн көріп отырған едім. Қалаға кіргізбеген еді. Қотыр жолдармен кірдім».

Осыны айтқан азаматқа кейін өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев көмектесуге уәде берді.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Барлық ғимарат қалада жөнделеді. Көмек беріледі».

Қазіргі таңда Арыс қаласы үшін жиналған қорда 230 млн теңгеге жуық қаражат жиналған. Одан бөлек Үкіметтен де қаржы қаралады. Мұның барлығы қаланы қайта қалыпқа келтіріп, тұрғындарға келген залалдың орнын толтыруға жұмсалмақ.

Назерке Үкібасова