Газ баллоны жарылысынан күйіп қалған келіншек жансақтау бөлімінде жатыр

155

Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданындағы бес қабатты «Адия» тұрғын үй кешенінің төртінші қабатындағы балконда газ баллоны жарылғанын хабарлаған болатынбыз. Салдарынан күйіп қалған келіншекті көршілері ауруханаға жеткізген.

Қазір күйік алған науқас Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер 28 жастағы келіншектің жағдайын ауыр деп отыр.

«14 маусым күні сағат 18:30 шамасында 1991 жылы туған әйел адам түсті. Диагнозы термиялық күйік. Бірінші, екінші, үшінші дәрежелі күйік шалған. Денесінің 20 пайызы күйген. Жағдайы бірқалыпты, ауыр. Қажетті ем қабылдап жатыр,» – дейді орталықтың дәрігері Мақсат Анарбекұлы.

Айта кетейік,  балконда тұрған газ балоны жарылған кезде үйде 28 жастағы келіншек пен оның екі баласы болған. Балалар ешқандай жарақат алмаған.

Жанар Есенбекова