Соңғы 3 жылдың ішінде мыңнан аса заңбұзушылық орын алған

268
облыс мәслихатының сессиясы

Сессияның қарауына 20-ға жуық мәселе ұсынылды.

Халық қалаулылары алдымен Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының есебін тыңдады. Қоршаған ортаны қорғау саласында түйіткілдер жетерлік. Салаға жауаптылардың айтуына қарағанда соңғы 3 жылдың ішінде мыңнан аса заңбұзушылық орын алған.

Лесбек Тәшімов, облыс мәслихатының депутаты

Лесбек Тәшімов, облыс мәслихатының депутаты: «Орман, дала өртінің алдын алу  бағытында қала, аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыру қажет. Және су  қорына қатысты  сала мамандарының  деректеріне сүйенсек, Сырдария мен Келес өзендері мен Шардара су қоймасының суы ластанған, оны залалсыздандыру бойынша жұмыс атқарылуы тиіс».

Сала басшысы халық қалауылары тарапынан айтылған сын ескертпелердің ескерілетініне сендірді. Сондай-ақ, сессияда облыстың алдағы 3 жылдық бюджеті нақтыланды. Өңірдің даму жоспарында туризм саласына басымдық беріліп отыр. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қаралған қаражат қомақты.

Жасұлан Төлебеков, Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Туризмді  дамыту бағытында  жоспар түзілген. Қасқасуда шаңғы  базасын нығайту, Түркістандағы  кесене, Отырардағы Арыстанбаб,  қалашық  және өзге де тарихи орындар жайлы деректерді толықтырып туристер үшін қолжетімді ету. Өңірімізге туристерді тарту мақсатында  туроператорлармен жұмысты жалғастырамыз. Оңтүстік өңірінің мүмкіндіктерін, табиғаты мен ескі тарихи орындарымен  шетелдік және  еліміздегі өзге өңірлердегі туристік  компанияларды таныстыру  үшін түрлі форумдар, іс шаралар ұйымдастыруды жалғастырамыз».

Депутаттар Мақтаарал, Сарыағаш аудандарындағы ауылдық округтердің шекарасына өзгертулер енгізді. Бұдан бөлек су қорын пайдаланудың ортақ талаптары бекітілді.

Шынар Оразова