Түркістан облысының полицейлері инкасаторларға шабуыл жасаған күдіктіні ұстады

317

Түркістан облыстық полиция департаменті мен Арыс аудандық полиция бөлімінің полицейлері бірлесіп, 7-маусым күні инкасаторларға шабуыл жасаған күдіктіні қолға түсірді.

Ол 1981 жылы туған жергілікті тұрғын боп шықты. Ұсталған азамат пошта қызметкері екендігі де анықталды. Құрықталған күдіктіден аңшы мылтығы және ақша тәркіленіп алынған. Күдіктінің айтуына қарағанда, ол еңбек демалысында жүріп, әріптестеріне діттеген жеріне жеткізіп салуды сұранған. Содан кейін автокөлік ішінде отырып, екі әріптесін атып, ақшаны алып, бой тасалаған.

«Ер-азамат ҚР ҚК-нің екі бабымен, яғни​ 99-бабы — «Адам өлтiру» және 192-бабы — «Қарақшылық» бойынша қылмысты жасаған деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады,»- деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 7-маусым күні Арыс аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне инкасаторларға шабуыл жасалғаны туралы шағым түскен.​ Онда екі инкассатор қызметтік көлікпен Задария ауылына, одан соң Монтайтасқа барып, поштамен бірге Қожатоғай​ ауылына бара жатырмыз дегеннен соң, сағат 12-лерден кейін байланыссыз кеткен. Екі инкассаторымен бірге із-түссіз жоғалып кеткен қызметтік көліктің ішінде ауыл тұрғындарының зейнетақысы мен жәрдемақысын төлеуге арналған 7,5 миллион теңгеден астам қаржы болған.«Күдіктілердің мекен-жайын анықтау мақсатында, барлық іс-шаралар​ атқарылды.​ Түркістан облысы Полиция департаменті мен Арыс АПБ-нің арнайы кәсіби мамандардан жедел-тергеу тобы құрылды. Олар із-түссіз жоғалған инкассаторларды арнайы іздеп, барлық аудан орталығына​ шығар жерлерді, аймақтарды, көшелер мен қиылыстарға қойылған бейнекамераларды тексерді. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алып, қажетті деген шараларды атқарды. Нәтижесінде,  жедел уәкілдер сол күні сағат шамамен 20:00-ден асқанда Арыс қаласынан 3 шақырым жерден тастанды көлікті тапты. Ішін тексеру барысында қан іздерін алдық. Осыдан кейін инкассаторлардың қасақана өлтірілгені белгілі болды. Ал келесі күні таңғы сағат 6:00-де​ аудан орталығынан 35 шақырым жерден бастарына оқ тиген мәйіті табылған», — деп жазылған ресми хабарламада.

Жанар Есенбекова