Тоғыс елді – мекенінде құтыру індетіне байланысты карантин жарияланбақ

384

Шымкент қаласына қарасты Тоғыс елді – мекенінде карантин жарияланады. Бұл осы елді мекендегі қаңғыбас иттен анықталған құтыру ауруының анықталуына байланысты. Шектеудің қанша мерзімге созылатыны және құтырған ит кімді талағаны жайында баяндасақ…

Тоғыс елді мекеніне кіріп шығатын барлық сүт, ет өнімдері мен төрт түлік қатаң бақылауда болады. Мамыр айының 31 жұлдызы күні көшеде жүрген қаңғыбас ит 6 жасар қыз баласын талаған. Бүлдіршіннің әкесі оқиғаны тез арада ветеринар мамандар мен дәрігерлерге хабарлапты. Арада тәулік өтпей жатып сәбиді қапқан иттің өлі денесі көшеден табылып зертханаға жөнелтілген. Ал ондағылар сараптама жасағанда иттің құтырғанын анықтаған.

Қасымбек Қалтаев, ветеринар: «Біз бірден иттің денесін зертханаға жолдадық олар бізге зерттеудің нәтижесін 12 маусымда берді».

Мамандардың айтуынша ит талаған бүлдіршін қажетті ем қабылдап жатыр. Ал ветеринарлар ауылдағы барлық қаңғыбас иттерді аулап, ит ұстайтын үйлердің тізімін жасапты. Елді мекендегі көпқабатты үйлердің 447 пәтері зерделеніп, 4 ит анықталған және ауру ошағы шықан жерге жапсарлас 99 жеке үйден 132 ит бары анықталып, ауруға қарсы дәріленген. Соған қарамастын 60 күн бойы бұл елді мекенге кіріп шығуға шектеу қойылады.

«Шектеу қойылғаннан кейін арнайы мамандар келіп, анықталған барлық малдарды, иттерді дәрілейді. Елді мекенге кіре беріс жеріне бекет орнатылады», – дейді мамандар.

Аса қауіпті жұқпалы аурудың қатарына енген құтыру індеті Шымкент қаласында соңғы рет 2016-2017 жылдары тіркеліпті. Айта кетейік Тоғыс Шымкент қаласына Төлеби ауданынан қосылған елді мекендердің бірі.

Нұрлан Күдерұлы