Шөкеев өзге шенеуніктерді Арыс қаласында тұруға шақырды

194

Арыс қаласындағы арнайы штаб жұмысы көңілден шықпайды. Бұл туралы Арыста облыс әкімі аппаратының жиынын өткізген облыс әкімі айтты. Онда Өмірзақ Шөкеев Арыста болған апат кезінде сылбырлық танытқан шенеуніктерге ескерту жасады. Құрылыс жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаса, аудан әкімдерін жұмыстан босататынын да қадап айтты.

«Төтенше жағдай орын алғанда аудан әкімдерінің қыдырып жүрісі қалай?» деді өңір басшысы.

Бүгінгі жиынға келмей қалған кейбір аудан басшыларының аты-жөні «киіз кітапқа» түсті. Тізім Премьер – министрдің алдына барады. Одан кейін жиналысқа келмеген мамандарға қатысты шара көріледі. Бұдан да бөлек біршама олқылықтарды атап өткен өңір басшысы, тіпті штаб жұмысына да көңілі толмайтынын айтты.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Саперларда да, дәрігерде, полицияда жеке-жеке компьютер болуы керек. Бұны да ұйымдастыра алмай отырсыңдар».

Ал кезек өзінің орынбасарына жеткенде Арыс қаласының әкімі орнынан атып тұрды. Өзінен кейінгі жауапты адамға таяқ тисе өзінің де аман қалмасын ойлады ма, ә дегеннен-ақ жиынға келмеген орынбасарын ақтап алуа кірісті.

Қадырбек Мұрат, Арыс қаласының әкімі: «Ол менің орынбасарым болып бекітілген және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары. Олар участоктерде жүр. Бәрі бөлімшелерде болсын деді ғой. Сосын бәрін участоктерге жібердік. Барлығы да сол жақта жүр».

Қарамағындағыларға ескерту жасап болғаннан кейін өңір басшысы Арыс қаласындағы құрылысқа жауап беретін өзге шенеуніктерді іздеді. Оларды залдан көре алмағаннан соң, өзінен үлгі алып, құрылыс біткенше Арыс қаласында тұруға шақырды. Ал өзіне қарасты аудан әкімдері құрылыс жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмаса, жұмыстан босататынын қадап айтты.

Меруерт Ахан