Шымкентте Конституция күні аталып өтті

449

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заңым-Айбыным» атты мерекелік шарасы өтті. Салтанатты шараға қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов барша қала жұртшылығын мерекемен құттықтап, Ата заңның тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орнының ерекше екендігін атап өтті.

«Ата заң – қастерлі құжат, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. Оның іргетасы тарихтың терең түбінде жатыр. Ол дала тіршілігімен тығыз байланысты. Бүгінгі Ата Заңымыз ата-бабаларымыздың өмір сүру дағдысымен қалыптасқан, әз Тәукенің «Жеті Жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді дала өмірінің заңнамалары жалғасы екендігі даусыз», – деді қала басшысы.

Егемен еліміздің негізгі Заңының қабылдануы — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылатынын айтқан қала әкімі Ата Заң аясында бүгінгі халқымыз тыныштықта өмір сүріп жатқанын айтты өз құттықтау сөзінде.

Бұдан бөлек мерекелік шарада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты ізденіспен жұмыс жасап, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, татулық пен бірлікті қамтамасыз етуде табыс биігінен көрінген бірқатар азаматтар ҚР Президентінің және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ата заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген мерекелік шарада отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалып, театрландырылған музыкалық хореографиялық қойылым көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының камералық оркестрі өз өнерін паш етті.

йта кетейік, мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Конституциямыздың қабылданғанына биыл 24 жыл толып отыр.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі