9 – қабатты тұрғын үйдегі жеделсатының жыры

863

Лифт бар, бірақ жұмыс істемейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 9 қабатты үйден пәтер беріп, жедел сатысын іске қоспаған. «Нұрсәт» шағынауданындағы 93 үйдің тұрғындары 1 жылдан бері осылай күнелтіп келеді. Жергілікті әкімдіктегілерден қайран болмаған соң халық біздің арнаға арызданды.

Жылдар бойы баспаналы болуды армандап келген бұл жандар өткен жылы ғана көпқабатты үйден пәтер алған еді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша әлеуметтік үй алған олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Қоныс тойын тойлаған күннен бастап 9 қабатты баспанадан түрлі шикіліктер табыла бастаған. Оның ең үлкені жедел саты жыры.

9 қабатты үйде тұратын жандардың бірі – Сапараәлі Базаров. 3-қабаттан бұйырған үйінен ол күн сайын шығады. Бірақ, таза ауа жұтуға далаға шығу ол үшін оңайлыққа соқпай тұр.

13 жыл кезекке тұрып алған пәтерінен шыға алмай жүргендердің тағы бірі – Талғат Тілеубаев. Үй алғалы тысқа шықпаған азамат 2 топтың мүгедегі. Жалпы “Нұрсәт» шағынауданындағы 93 үйге қоныстанған мүмкіндігі шектеулілердің саны бір екеумен ғана шектелмейді.

Жұмысын 2017 жылы тапсырған мердігер компания қазір тарап кеткен екен. Қоңырау шалып хабарласқанымызда олар жедел сатының келесі аптада жүргіземіз деп уәде берді.

Назерке Үкібасова