«Бастау бизнеске» бөлінген қаржыны алуға құлықтылар аз

188

«Бастау-Бизнес» шағын несие беру жобасын жүзеге асыру бойынша Шымкент қаласы артта келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов баяндаған болатын. Төрт бағытқа бөлініп талданған жобаның 3 бағытында Шымкентте көрсеткіш төмен. Әдетте пысық дейтін шымкенттіктер бизнес бастауға неге құлықсыз ? Әлде кәсіп ашуға көмек болуы тиіс жоба жолға қойылмай келе ме?

Шілде айында өткен Үкімет отырсында Асқар Мамин «Бастау-Бизнес» жобасының елде өте баяу жүзеге асырылып жатқанын айтқан. Тіпті жауаптыларға ескерту де жасаған. «Атамекен» басшыларының айтуынша, содан бергі екі айдан астам уақытта жоба бойынша атқарылған жұмыс 2 пайыздан 16 пайызға дейін көбейген. Алайда оны дұрыс жүзеге асыра алмай отырған өңірлер де бар.

«Еңбек» бағдарламасының аясында бір ғана Шымкент қаласына «Бастау-бизнес» бағдарламасына 600 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат кәсібін бастағысы келетіндерге 6 пайызбен несиеге беріледі. Бірақ оны алу қиын. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының басшылығы мұның өз себебі бар дейді. Айтуларынша, оны кепілсіз беруге құзырлы микроқаржы ұйымдарының бағдарлама аясында жұмыс істеуге құлқы жоқ. Ал банктердің қояр талабы таудай.

Шымкентте «Бастау-Бизнес» аясында кәсіпкерлікті жүргізуді үйрететін шағын курстарды 1200 адам тәмамдаған. Орталықта тағы да 950 адам оқып жүр. Соның бірі – Ақерке Сұрабалдиева. Үйінен шықпай-ақ өз кәсібін дөңгелетіп отырған келіншек кондитерлік өнімдер шығарады. Бизнесін енді ғана бастаған ол шағын өндірісін кеңейту үшін несие алуға құлықсыз. Тек грантты ғана ұтып алғысы келеді.

Бағдарлама аясында биыл Шымкент қаласына 4500 қайтарымсыз грант бөлінген. Жыл ортасынан асса да соның тек 282-сі ғана иесін тапқан.

Осылайша, ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледі. Нәтижеде не бизнес те жоқ, оны бастағысы келетіндер де дәрменсіз. Ал, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Үкімет басшысынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы «Бастау-Бизнес» жобасына бөлініп, бірақ игерілмей жатқан қаржыны басқа салаға бұруды сұрады.

Меруерт Ахан