10 қыркүйекте Түркістан қаласы, Б. Саттарханов көшесіндегі «ROYAL GRAND HOTEL» 3 қабатты қонақ үйі ғимаратында өрт туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер бірден өртті сөндіруге кіріскен. Өртті сөндіруге 11 бірлік техникамен 75 өрт сөндіруші, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Өрт сөндіру барысында қонақ үйге қарасты «Зил» маркалы газ құйылған цистерна және жанында орналасқан екінші цистерна тұтқиылдан жарылып, бірнеше қызметкерлер жарылыс толқынынан жан-жақа ұшып кетті.
Жарылыс салдарынан Түркістан қаласындағы орталық ауруханаға 5 қызметкер жатқызылды. Бұл қызметкерлерді адам өмірін құтқару және мүлікті сақтап қалу үшін өз өмірін қиюға дейін баратын қазіргі заманның батырлары деп айтсақ та жарасады. Қазіргі заман батырларының есімдері: Түркістан облысы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ-і бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Абдугапаров Бахытжан Абдуллаевич, №1 МӨСБ аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Убайдиллаев Баглан Бахытбекович, Түркістан облысы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ-і өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау капитаны Джумабаев Құралбек Бисабаевич, өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі азаматтық қорғау майоры Сейдахметов Рустем Илхамович, №1 МӨСБ аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау сержанты Әлімқұлов Бақдәулет Қалиханұлы.
Сонымен қатар өрт кезінде қонақ үйдегі адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау барысында Түркістан қаласы ТЖБ аға инженері азаматтық қорғау майоры Болат Туйменов 4 жас шамасындағы қызды құтқарған болатын. Өрт сөндіру барысында патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге қонақ үй ғимаратына кіріп, адамдарды қауіпсіз орынға эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Эвакуациялау кезінде, қонақ үй ішінде жабық тұрған бөлменің есігін Б. Түйменов бұзып кіріп, терезенің алдында кішкентай қызды көріп, бірден ол қызды бөлмеден алып шығып, полиция қызметкерлеріне табыстады. Қызды табыстағаннан кейін, қалған бөлмелерді тінтуге кіріскен. Полиция қызметкерлері кішкентай бүлдіршінді қауіпсіз жерге алып шықты.
Осындай іс-әрекеттерімен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өздерінің батылдығын, қайсарлығын тағы да бір дәлелдеді.