Қатты отынның құны қар түскенде тағы да қымбаттайды

132

Өңірімізде қыс бойы көмір жағатын тұрғындар баршылық. Шымкенттегі отын базаларының бірінде Шұбаркөлден жеткізілген көмірдің тоннасы 13 мың 700 теңгеден босатылуда. Өндіріске қажетті майда көмірдің тоннасы 8,5 мың теңгеден.

Күн суытқалы қаладағы отын базасында көмір іздеген адамнан кезегін күткен көлік көп. Жеке үйлердің тұрғындары бірен-саран. Шымкенттің іргесіндегі Жұлдыз шағынауданының тұрғыны 2 тонна көмір алмақ. Оны таситын көлікпен де келісіп қойыпты.

Шұбаркөл көмірінің тоннасы бұл отын базасында – 13 мың 700 теңге. Шымкенттік тұрғынға оны үйіне жеткізгенше қатты отынның тоннасы орташа есеппен 20 мың теңгеге түсіп тұр. Сонда шалғайдағы аудандарға жететін көмірдің құны қалай болмақ?
Марат Айдарбеков, көлік жүргізушісі: «Жетісайдағы газы жоқ ауылдарға көмір тасимыз, бағасын барған соң келісеміз».

Қалтаңыз көтерсе сұрыпталған ірі көмірді де сатып алуға мүмкіндігіңіз бар. Өндіріс қажеттілігіне де қатты отынның түрі мұнда қарастырылған.
Әнуар Томанов, компанияның менеджері: «Көмірді сұрыптаймыз. 14 500 теңгеден де бар. 9 мың теңгеден сатып ала аласыз. Өндіріске 8 мың 500 теңгеден босатылады».

Отын базасындағылар «былтыр көмірдің бір тоннасы 14 200 теңгеден сатылған, биыл 500 теңгеге арзан», -дейді . Көлік жүргізушілері болса жанармай қымбаттаса, жол шығынымен көмірдің бағасы тағы да шарықтауы әбден мүмкін екенін айтады. Қатты отынның құны қар түскенде тағы да өсетіні бар.

Шынар Оразова