Азық-түлік жымқырған ұры құрықталды

171

Бәйдібек АПБ-не жеке кәсіпкер, жергілікті тұрғын арызданады. Ол арызында өзіне тиесілі азық-түлік дүкеніне ұры түсіп, сатылымдағы тұрмысқа қажетті азықтар мен заттарды ұрлап, 80 000 теңгеге жуық залал келтіргенін көрсетеді.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Куәгерлерден сұрастырып, қол-саусақ іздерін алып, сараптама жүргізді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған саусақ іздері жергілікті тұрғынның саусақ ізін көрсеткен.

Полицейлер тез арада анықталған азаматты тауып, қол саусақ іздерін алып тексеріп, сәйкестігін анықтайды, күдіктіден жауап алу барысында ол өз кінәсін толық мойындады. Күдікті жұмыссыз, ауыл тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары тергеу барысында күдіктінің дүкенге терезесін бұрағышпен (отверка) бұзу арқылы кіріп, ішінен қолына ілінген заттарды ұрлап алып шыққанын анықтады. Күдікті ұрлаған заттарының көбісін өз қажеттілігіне пайдаланған, қалғандары айғақты зат ретінде алынды.

Тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Қазіргі таңда күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Түркістан облысы полицейлері азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге сауда орындарыңызға, арнайы ғимараттарыңызға, дүкендеріңізге сенімді құлыптар салдыртып, терезелеріне темір тор жасатуға кеңес береді.

Сонымен қатар, мүмкіндігінше бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштарды орнатыңыздар. Бұл өз кезегінде ұрылардың арам ойын іске асыруға тосқауыл болмақ. Ал, егер сауда орталығыңызға, дүкеніңізге ұры түссе немесе осындай қылмыстың куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабар беріңіздер.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі