Министр атаулы әлеуметтік көмек алғандарға қатысты мәлімдеме жасады

132
фото sputniknews.kz

Министр атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген адам өз табысын жасырса, мемлекеттік жәрдемақы заңсыз тағайындалған болып саналатынын айтты. Ақша мемлекетке қайтарылуы шарт

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандарға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанда оған өтініш берген адам өз табысын жасырса, мемлекеттік жәрдемақы заңсыз тағайындалған болып саналады. Ондай жағдайда ақша мемлекетке қайтарылуы шарт. Бірақ заң бойынша адам өз табысын жасырып, атаулы әлеуметтік көмек алса, ол қаражатты өз еркімен қайтаруы керек. Өз еркімен қайтарудан бас тартса ғана сот арқылы өндіріледі.

«Он бес облысқа барып келдім. Ешкім ақшаны қайтарудан бас тартып жатқан жоқ, яғни, ақшаны сот арқылы төлетуге ешқандай негіз жоқ. Кесте жасап, 3-4 мың теңгеден бір-екі жыл қайтарсын. Себебі атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген адамның оны қайтаратын табысы да көп емес. Білместікпен бірдеңе жасырған шығар, кей кезде қазақтың пендешілікке салынып, ақыры беріп жатқасын, ала салайық, мынаны көрсетпейік дейтіні де бар. Бірақ ол адамның табысы көп емес. Сондықтан оны қазір қинап, қайтаруды талап етпейміз», – деді Нұрымбетов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бөлек, табыстың артуына байланысты атаулы әлеуметтік көмектен айырылып жатқан азаматтар да бар. Министр осы мәселеге қатысты аймақтарға нақты түсініктеме бердім деп отыр.

«Иә, егер 6 айға атаулы әлеуметтік көмекті алатын азамат төртінші-бесінші айында жұмысқа орналасып, табысы көбейіп жатса және ол табыс атаулы әлеуметтік көмекті алу құқығын жоятын болса, оның төлемдері тек сол табыс пайда болған күннен ғана тоқтатылады. Оны жәрдемақы тағайындалған күннен бастап қайтаруды талап еткен дұрыс емес, заңсыз», – деп атап көрсетті Нұрымбетов.