Полицейлер көліктерімен батпаққа батып, адасып қалған шетел азаматтарына көмектесті

219

Қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтауда мінсіз қызмет ететін полицейлер, бұдан бөлек кез-келген жағдайда тұрғындарға көмек қолын созушы, керек сәтте заң тұрғысында кеңес беруші, адасушыға жол көрсетуші екені даусыз. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, Созақ АПБ-нің қызметкерлері шалғай мекенде адасып қалған Тәжікстан Республикасының 4 азаматына көмек көрсетті.

Созақ АПБ-не «102» телефоны арқылы белгісіз тұлға хабарласып, тәжік ұлтының жігіттері жолда адасып қалып, батпаққа батып, көліктерінің жанар-жағармайы таусылғаны туралы айтып көмек сұрайды. Келіп түскен ақпарат бойынша, Созақ АПБ-нің ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Дидар Утешов, полиция капитаны Самат Нұрғалиев, полиция аға-лейтенанты Жанболат Ордабектер тез арада іске кірісіп, хабарлама түскен аймаққа аттанады. Тау-тасын, ой-шұқырын жатқа білетін полицейлер жылдам әрекет етіп, оқиға орнына жетеді. Осылайша тәжірибелі полицейлер 5 сағат ішінде жеке көліктерімен адасып қалған тәжік ұлтының жігіттерін тауып, көлікті арнайы құралдар арқылы тығылған батпақтан шығарып алады. Одан соң 12 сағаттай далада жүрген азаматтарды аман-есен ауруханаға жеткізіп, алғашқы медициналық жәрдемді көрсетті.

Полицейлердің анықтауынша, көмек сұраған жігіттер Ресейде жұмыс жасап өз елдеріне қайтқан беттері екен. Қай жерде келе жатқанын көрсетіп отыратын навигатор құрылғысына сеніп, салдарынан адасқан азаматтардың бір сәтте көлігінің жанармайы таусылады, содан соң жығылғанға жұдырық дегендей көліктерімен батпаққа батып кетеді. Тіпті желі де жоғалып, тірі жанмен байланысу мүмкін болмай қалады.
Осы сәтте 4 жігіттің екеуі көмектесетін адам іздеуге жаяу жолға шығады. 75 шақырым жаяу жүрген азаматтарды вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жергілікті жұмысшылар кездестіріп, дереу полицияға хабар берген. Ал полицейлер болса өздерінің қырағылықтарының арқасында жігіттер мен көлікті тауып, өз кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Өз кезегінде, елдеріне қайтамыз деп адасып қалған азаматтар Созақтық полицейлерге алғыстарын жаудырды. «Полицейлердің арқасында бүгін біз аман-есенбіз. Айдалада көлік жүрмейді, ас-суымыз жоқ, тіпті ұялы телефонда байланыс жоқ жерде қалып кеттік. Үмітіміз үзілгендей болып еді… Рахмет, бізді тауып алып, көмек көрсеткендеріне. Өз ісінің нағыз мамандары екен. Нағыз бауырымыз болып көмек қолын созды, ризамыз»-деп жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ерекше айта кететін жайт, Созақ ауданы полицейлерінің жолда немесе айдалада қалып қойған адамдарға көмектесуі бірінші рет емес. Бұл жайттан алдын полиция майоры Дидар Утешов әріптестерімен бірге Нұр-Сұлтан қаласынан келе жатып, Созақ ауданының шеткі аймағында адасып қалған отбасыға көмектескен болатын.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жолға шығар алдында көлігіңіздің жанармайын толтырып, ас-суларыңызды қамдап шығыңыздар деп кеңес береді. Соның нәтижесінде адасып жатқан, болмаса дұрыс емес бағытқа шыққан көліктерді көптеп кездестіріп, көмектесіп жол көрсететін жағдайлар біздің қызметте көптеп кездеседі.-деп атап өтті Созақтық сақшылар.

Сондықтан сіз де алдағы уақытта осындай жағдайға тап болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына қоңырау шалып, хабарласыңыз. Сақшылар қашанда қызметке дайын.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі