Қазақстан аумағында 15 мыңнан астам шетел азаматы еңбек етеді

27

Қазақстан аумағында 15 434 шетел азаматы еңбек етеді. Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін квота саны биыл 25 пайызға қысқарды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Шетел жұмыс күшін тартуда рұқсат алғандардың арасында мынадай санаттар бар:
1-санат: басшылар мен олардың орынбасарлары – 586 адам
2-санат: құрылымдық бөлімшелердің басшылары – 3 076 адам
3-санат: мамандар – 7 910
4-санат: білікті жұмысшылар – 891 адам.
Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 380 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 591 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 751 жұмыс беруші бар. Оларда 399 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% құрайды.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдіктер ең көп жұмыс істейтін салалар құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, ауыл, орман және балық шаруашылығы, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі салаларында еңбек етеді.
Еңбек мигранттары келетін елдер:
Қытай – 3 539 адам,
Үндістан – 1 801 адам,
Түркия – 1 707 адам,
Өзбекстан – 1 487 адам,
Ұлыбритания – 1 125 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Осы жылдың қаңтар айында еңбек министрлігі шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны 28 352 бірліктен 21 097 бірлікке дейін, яғни 7 255 бірлікке (25%) қысқартты.