Жетісай ауданы Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде спорттық аяқ киім шығаратын шағын цех жұмыс істейді. Аталмыш цех 25 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Бұл кәсіпорын тәулігіне 1500 жұп аяқ киім шығаруға қабілетті. Жеке кәсіпкер Сәкен Шораев шығаратын спорттық аяқ киімдер жергілікті базарлар мен көршілес аудандардың сұранысын қанағаттындырып отыр. Бұл аяқ-киімдердің бағасы 1900 – 2000 теңгенің көлемінде. Негізгі шикізатты Қытайдан алдыратын кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Өзіміздің отандық өнімдерімізді болашақта брендке айналдырсақ, шағын кәсіпорынымыздың ауқымын кеңейтіп, қуаттылығын екі есеге арттыру ойда бар. Ойымыз жүзеге асып жатса, тағы да қосымша жұмысшыларды қабылдап, халықтың тұрмысын жағдайын жақсартсақ. Жетісайдан шыққан спорттық аяқ-киімдерді алыс-жақын шетелдерге экспорттасақ деп отырмыз» дейді Сәкен Шораев
Екі жылдан бері тоқтаусыз жұмыс жасап келе жатқан аталмыш кәсіпорын бәсекелестікке толықтай төтеп бере алады. Себебі, сапасы жоғары бағасы төмен тауар қашанда халықтың сұранысына ие.