Тәуелсіздік алғаннан бері Шымкент халқының саны 3 есеге артқан

340

Тәуелсіздік алғаннан бері Шымкент халқының саны 3 есеге артқан. Осылай деген шаһар басшысы ел егемендігінің 28 жылдығына орай қаланың 40-қа жуық азаматын марапаттады. Президент жарлығымен құттықтауға мәслихат депутаттарынан бастап, қарапайым қала тұрғындары да ие болды.

Бүгінде миллионер атанған Шымкенттің халық саны егемендік алған жылы 400 мың ғана болған екен. Ал, жерінің аумағы 13 мың гектарды құраған. Содан бері шаһар аумағы 117 мың гектарға ұлғайып, қала бюджеті 1 млрд. теңгеден 180 млрд. теңгеге жеткен. Осылай деп ел алдында Шымкенттің 28 жылдағы жеңісімен бөліскен Ерлан Айтаханов қала тұрғындарын тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Алғы сөзді есеп берумен бастаған Қуанышұлы кейін қаламызға еңбегі сіңді деген азаматтарды марапаттады. Олардың арасында Табиғи ресурстарды реттеу басқармасының басшысы, жедел-жәрдем станциясының бас дәрігері және 23 мектептің директоры бар. Мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жетпісбаев та Айтахановтың қолынан марапат алды.

Мұрат Жетпісбаев, мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Қасиетті жұма күні марапатталып отырмыз. Ең бастасы әр адам қандай жағдайда болса да еліне, жеріне деген сезімін жоғалтпауы керек. Дәл осы күні марапатталғаныма қуаныштымын. Бірінші бағалайтын ол халық. Халық бағалап, әріптестерім бағалап, осындай марапатқа ұсынды оларға да айтар алғысым шексіз».

Оразкүл Айтжанова тәуелсіздік күніне марапат алуды мүлдем күтпеген. Осыдан бір жыл бұрын 11 жасар баланы педофилден құтқарған оған «Құрмет» грамотасы табысталды.

Оразкүл Айтжанова, қала тұрғыны: «Күтпеген жағдай. Президенттің атынан құрмет грамотасымен марапатталып жатырмын. Бұл менің жас баланы құтқарып қалғаным үшін. Мен марапат күтпеймін. Бұл әр адамның азаматтық парызы».

Сонымен Тәуелсіздіктің 28 жылдығы қарсаңында Шымкенттің 39 тұрғыны әкім қолынан марапат алды. Алды «Парасат», «Құрмет», үшінші дәрежелі «Еңбек» орденіне ие болса, кейінгілері «Ерен еңбегі үшін» және «Құрмет» грамоталарына қол жеткізді.

Назерке Үкібасова