Сарыағаштық тұрғын жоғалған ұлын тапқан полицейге алғыс айтты

80

Түркістан облысы Сарыағаш қаласының жергілікті тұрғыны желтоқсан айының 31-інде, яғни Жаңа жыл мерекесі күні шамамен кешкі сағат 22:00 шамасында 16 жасар ұлының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағандығын айтып, Сарыағаш АПБ-не арызданады.

Полиция бөліміне арыз бірнеше күн өткеннен соң түседі. Себебі ата-анасы табылып қалар деген үмітпен полицейлерге дер кезінде хабар бермеген. Өз күштеріне сеніп, туыстарының барлығын шарлап, баланы іздеген. 4-ші күн дегенде іздестіру жұмыстарынан нәтиже шықпаған жақындары, бар үміттерін сақшыларға артады.

Кәмелетке толмаған баланы іздеуге Сарыағаш АПБ-нің барлық учаскелік полицейлері жұмылдырылады. Әр полицей өз аумағына қарасты үй-жайларды тексеріп, баланың баруы мүмкін деген ойын-сауық орталықтарын да шолып шығады. Осылайша полицейлер іздестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асырады. Яғни жоғалған жасөспірімді іздеуге бірнеше мобильдік топтар да құрылады. Ақыры жасөспірім бала Сарыағаш қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен табылады. Кейіннен белгілі болғандай анасымен ренжісіп қалған ол жалдамалы пәтерде тұрып, өзінің ата-анасына деген ренішін осылай көрсетпекші болған.
Бүгінгі таңда ол отбасымен бірге дін аман.

Өз кезегінде аман –есен табылған баланың анасы полицейлерге ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жаудырды. Әсіресе, қырағылығын танытып, уақыт жоғалтпай тез арада іздестіруді бастап кеткен учаскелік полицейлер полиция майоры Сәкен Тұрлыбековке, полиция капитаны Алмас Қуанышбайұлына және полиция аға лейтенанты Нұрсейт Анарбаевқа ерекше ризашылығын жеткізді.

 

QAINAR KÓZТО ПД-ның баспасөз қызметі