Шымкентте көгілдір отын бағасы арзандайды ма?

345

Қазақстан бойынша Шымкентте газ бағасы тым қымбат. Осылай деген қала кәсіпкерлері көгілдір отынға жауаптылармен бетпе-бет кездесті. Қос тараптың жүздесуі бұған дейін бірнеше рет жоспарланып келген. Алайда, «ҚазТрансГазАймақ» өкілдері Кеңеске келмеген болатын.

Кеңеске келген қала кәсіпкерлері «ҚазТрансГазАймақ» өкілдерін, антимонополия және прокурорларды сан түрлі сұрақпен тығырыққа тіреді. Сөздерінше, еліміз бойынша көгілдір отынның ең қымбат құны Шымкентте тіркелген. Және тұрғындарының да жалақысы өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Өмірзақ Мелдеханов, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі: «Қазақстан бойынша газ бағасы басқа аймақтармен салыстырғанда Шымкентте әлдеқайда қымбат. Ал, халықтың жалақысы болса өте төмен. Сіздер бағаны қойғанда кіммен ақылдасасыздар? Қайда қарайсыздар? Онсыз да мұнда күнін әрең көріп жүрген тұрғындар көп. Осы жағын неге ескермейсіздер? Бізде газдың бағасы арзандады деген өмірі болмаған. Тек қымбаттай береді».


Бұған дейін бұл кездесу бірнеше рет кейінге шегерілген болатын. Себебі «ҚазТрансГазАймақ» бірнеше рет кеңеске келмей қалған. Ақыры қала кәсіпкерлерінен қашып құтыла алмаған акционерлік қоғам өкілдері қойылған сұрақтарға нақты жауап бере алмады. Және бар жауапкершілікті Нұр-Сұлтандағы басшыларына сілтеуден әрі аспады.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Шымкент өндірістік филиалының өкілдері «Бағаны қою біздің қолымызда емес. Ол орталықтан орнатылып отырады. Министрліктің қарауымен қабылданып отырған нақтылықты біздің өзгертуге шамамыз жетпейді. Оның үстіне бізде техиникалық апаттар да жиі орын алады. Оны жөндеу де тегін емес» дейді.

Кеңестегі тараптар сөзталасы ұзаққа созылды. Бірін бірі түсінбеген олар тағы да дөңгелек үстелде кездесетін болып тарқасты. Осыған қарағанда, Шымкенттегі газ бағасы жуық арада арзандамайды. Айта кетейік, бұған дейін Атырауда көгілдір отын бағасы 8 теңге болса, Шымкентте 36 теңге болатын.

Назерке Үкібасова