Үшінші мегаполисте медициналық бетперде тапшы

491

Шымкент тұрғындарына медициналық бетперде жетпей жатыр. Осылай деген көпшілік дәріханалардан қорғаныс құралын таба алмай жүргенін айтады.

Бетпердені негізінен баласы мектепке баратын ата-аналар іздеп жүр. Себебі күні кеше қаланың бірқатар білім ұялары жаппай бетперде тағуды ұйғарыпты. Бірақ, олар Қытайдағы коронавирстан емес тұмаудан сақтанып жүргенін алға тартады.

Шымкенттегі дәріхана сөрелерінен медициналық бетперде табу бүгінде оңай болмай тұр. Қала тұрғындары бұл құралды жаппай сатып алуды кешеден бастапты. Сұраныстың артуы салдарынан тіпті бетперденің бағасы да қымбаттап кеткен. Бұған дейін ол 15 теңге тұрса, бүгін 30 теңгеге бір-ақ жеткен.


Медициналық бетпердені сабыла іздегендердің бірі мектеп оқушылары. Себебі оларға күні кеше білім ұясына қорғаныс құралымен келу тапсырылған. Тапсырманы орындаймыз деген олар бетпердені табу үшін бір емес, бірнеше дәріханаға барыпты. Бірақ, біріне оны табу бұйырса, басқасы құр қол қайтқанын айтады.

Мектеп оқушыларының медициналық бетпердеге үдере көшуінің Қытайдағы коронавирусқа қатысы жоқ. Осылай деген білім ұясындағы медицина мамандары қаламызда тұмаудың күшейгенін айтады. Тіпті әр сыныпта 3-еуден бастап 10 оқушыға дейін сабаққа келмей қалатын болған.

Ал, қалалық білім басқармасы жауаптыларының сөзінше олар ешкімге бетпердемен келуді тапсырмаған. Ол тек әр білім ұясының тарапынан болған бастама дейді.

   Назерке Үкібасова