Қала әкімі Ресей федерациясының Алматыдағы бас консулымен кездесті

84

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Ресей Федерациясының Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобровпен кездесті.

Кездесуде тараптар тату қарым-қатынастарды, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, екі елдің сауда және мәдени қатынастарын одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін және серіктестік жайын талқылады. «Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптестер, біздің ұлттарды сан ғасырлық достық пен тұрақтылық байланыстырады. Сондықтан біздің арақатынасымыз бұдан әрі де нығая түспек» деді Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов.

Ресейлік тарап Шымкенттің инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып, аймақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Аталған жобалар қос мемлекеттің экономикалық және туристік ахуалын арттырып, мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтады.

Әңгіме барысында Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласының экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуеті туралы мәлімдеді.

Өз кезегінде Бас консул Евгений Бобров айтылған ұсыныстармен келісетіндігін және осы бағытта жұмыстар атқарылатындығын айтты.

Жиын соңында қала басшысы бұл кездесу екіжақты мәдени, білім, әлеуметтік экономикалық саланың дамуына септігін тигізеріне сенім білдірді.