Үлескерлеріне бақыт сыйламаған – «Бақыт»

131

Шымкентте тағы бір тұрғын үй құрылысынан дау шықты. Бұл жолы мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болғандар емес, бизнес класстан үй алғандар бас көтерді. «Бақыт» тұрғын үй кешенінен пәтер алған олар 9 айдан бері ақысы төленген үйге кіре алмай жүр.


«Күшті болып кетеміз, элитный боламыз, жақсы үйге көшеміз, элитный городок деп ойладық. Енді міне, әбіржіп, қартайып, 20 жылға қартайдым мен мына үйді аламын деп. Шынымды айтайын ше».


«Бақыт» тұрғын үй кешенінен пәтер алған Салтанат Сарыбаева әзірге бақытты бола алмай жүр. Себебі бизнес класс деп аталатын оның баспанасы аты затына сай болмай шыққан. Келіншек алғашында жарнаманы мінсіз жасаған компания жұмысын жарытпағанын айтып ашынады. Жалпы аталмыш тұрғын үйді таңдап, тазға жолықтық дегендер Салтанат Сарыбаевамен шектелмейді. Одан бөлек, тағы 100 отбасы әділдік іздеп шарқ ұрып жүр.

Иелеріне бақыт емес, уайым сыйлаған тұрғын үйге әзірге 3 отбасы ғана қоныстаған. Пәтер жалдап, әрі тұрғын үй ақысын төлеп шығынға батқан олардың басқа амалы қалмапты. Ал, уәдені орындамады деп айыптаған өзге алушыларға әзірге өз үйлерінің кілті бұйырмай тұр. Осылайша «Бақыттан» үй алғандар ақысын төлеп, оны терезеден тамашалауға мәжбүр.


«Әрине, өкініш бар. Сонша ақша беріп. Әлеуметтік үймен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Одан да басқа үйді алғаным жақсы еді. Едендері арзанқол материалдан жасалған. Есіктері де құлап қалайын деп тұр. Тоқ етерін айтқанда бастапқы уәденің ешқайсысы орындалмады» дейді тұрғындар.


Еске ала кетейік, үй иелері бұған дейін жаңа жыл алдында бас көтерген болатын. Ол кезде жауаптылар жұртты кезекті уәдемен шығарып салған. Жұртты жылы сөзімен жұбатқан компания өкілдерінің бұл жолғы көңіл күйі бұрынғыдай емес. Кезекті кездесуге олар үйіне кіре алмай жүрген клинеттерден де ашулы келді.

Назерке Үкібасова