«Ел бірлігі» бұзыла бастады

305

Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағы қайта жөндеу жұмыстарына мұқтаж. 10 жыл бұрын қолданысқа берілген бақтың монументі бүгінде сүреңсіз күйге түскен.

Осылайша «Ел бірілігі» атанған бағана бүгінде жауаптылар бірлігін күтіп тұр дейді тұрғындар. Қала көркін биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін бұл бақ 2011 жылы ашылған болатын.


Ибрагим Қуатбаев Зейнетке шыққалы бері Тәуелсіздік бағына жиі келетін болған. Себебі спортпен шұғылдануға да, серуендеуге де ыңғайлы. Тек мына тұрған монументтің қасбеті көңіл құлазытады дейді ол. Сөзінше, кафельдері құлап, шұрық тесікке айналған бағана қаланың көрікті жеріне сын келтіреді.

Ибрагим Қуатов, қала тұрғыны: «Бұл көпшілік орын ғой. Негізі істеп қойса, жақсы болады да. Көңіл бөліп істеп қойса, өткен-кеткен адамдарға әдемі болып тұрады»


Ал, Қайрхан Абдаманов қаламызға бірер күнге қонаққа келген. Саябақ маңындағы қонақүйге орналасқан ол Тәуелсіздік бағына алғаш рет келіп тұр.


Қайырхан Абдаманов, қонақ: «Мына жақта плиталар түсіп жатыр екен. Қарау керек қой енді. Енді осыншама еңбек істеген соң қарау керек қой. Қанша ақша шығарыпты».


Қаладағы саябақ жағдайына жауапты коммуналдық мекеме Тәуелсіздік бағы биыл оңалатынын айтады. Ол үшін құрылыс жоспары бекітіліпті. Бірақ, бюджеттен қаржы әлі бөлінбеген.


Ерубай Құралбаев, Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы: «Біз ол жерге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда ақау актісі бекітілді, сметалық құжаттар әзірленгеннен кейін біз нысанды қайта жөндеу жұмыстарын атқаратын боламыз».

Еске сала кетейік, ел тәуелсіздігінің белгісіндей бұл бақ 2011 жылы қолданысқа берілген еді. Демеушілер қаржысымен бой көтерген саябақ содан бері жөндеу көрмеген.

Назерке Үкібасова