«Көшелер мен мектептерге құрметке лайықты, халық арасында беделі бар тұлғалардың есімі берілуі тиіс. Жоғарыдағы лауазым иелерінің айтуымен «қалталы ұрылардың» есімін көшелерге беруді тоқтату керек»,- деп есептейді депутаттар партияның фракция отырысында.
«Түркістандағы №21 жалпы орта мектепке Мырзахан Пошановтың есімін беру…»
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы фракциясының отырысы қызу пікірталаспен өтті. Әсіресе Түркістан облысындағы мемлекеттік нысандар мен көшелерге атау беру мәселесі талас тудырды.
«Түрікстанда ұры, қарыларға ат жақсы беріледі. Өйткені, оларды әкімдер қолдайды. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Сол себепті, ат беруде абай болу керек. Жолдыбек деген ұры-қарақшыға көше берген, кезінде әкімге түйе берген. Төребек атышулы «конокрад». Ол жақсы емес «,- деп ойын білдірді облыс мәслихатының депутаты Рахым Тәңірбергенов.
Өмірзақ Мелдеханов, облыс мәслихатының мемлекеттік құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы: «Мемлекеттік нысандар мен көшелерге атау беру мәселесі біздің комиссияда қаралған жоқ».
Бұл мәселе әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында жіті қаралған. Сондықтан да ондағы шешімді тікелей Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсыну заңды дейді мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев.
«Салалық комиссияда қаралды. Егерде сіздер қызғансаңдар онда комиссияларды біріктіріп қарайық. Атау беру әлеуметтік — мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясында қаралыпты, оған неге қатыспадыңдар? Заң бойынша сол комиссияның шешімі ономастика комиссиясына жолданады. Біз фракцияның отырысында өзекті ауыз су, газбен қамту мәселелерін қарауымыз керек. Күн тәртібіне енгізілген бұл мәселені біз алып тастай алмаймыз. Өйткені, оны облыс әкімі — облыстық филиалдың төрағасы Өмірзақ Шөкеев ұсынып отыр», деді Қ. Балабиев.
Нысандарға атау беруге салынған екі жылдық мораторий мерзімі бітіп, биыл көшелер, мектеп пен өзге объектілерге атау беруге рұқсат етілді. Алайда депутаттар бұл мәселені майшелпекке айналдырмау қажет деп отыр. Мектепке берілген ат сонда оқитын балаға, көшеге қойылатын есім тұрғындарға ғибрат беретіндей болуы тиіс деген ұсыныстар айтылды.
Шынар Оразова