Жайылымнан мал ұрлаған сыныптастар қылмыс үстінде ұсталды

203

Созақ АПБ-не жергілікті тұрғын, ер азамат арызданады. Ол өз арызында мал жайылымында жүрген өгізшесі мен тайыншасын белгісіз тұлғалар жасырын жымқырып кеткенін көрсеткен.

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 300 000 теңгені құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-1-бабы бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді ұстап, қылмысты жылдам ашу мақсатында оқиға орнына Созақ АПБ бастығының орынбасары Қ.Жұмағұл, тергеуші Д.Жансейіт, жедел уәкіл Е.Сайлаубек, УПИ А.Абдіразақ, криминалист Н.Өскентаевтардан құрылған жедел-тергеу тобы жетті.

Көрген-білгендерден сұрастырып, жауап алынды. Полицейлер жақын аймақтарды аралап шықты. Ұрланған малдарды көлікке артып алып кеткендіктен, барлық көшелер мен басқа қала-аудандарға шығар жолдар тексерілді. Жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында полицейлер қылмысты жасаған күдіктілерді ізін суытпай 2 сағат ішінде ұстады. Күдікке ілінген көлікті жол бойында тұрған тәртіп сақшылары тоқтатып, тексеру барысында көліктен ұрланған малдар табылып, анықталды.

Осылайша, қылмыс үстінде ұсталған сыныптас жас жігіттер өз кінәларын толық мойындады. Олар жайылымда қараусыз жүрген малдарға көздері түсіп, ұрлағандарын жеткізді. Мал ұрлығымен айналысушылардың бірі жергілікті, екіншісі Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Сонымен қатар, ұсталғандардың бұдан бөлек тағы 3 мал ұрлығына қатыстылығы айқындалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өздеріңіздің мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар, барымташылардан, мал ұрлығымен айналысатын қылмыстық топтардан абай болыңыздар деп ескертеді. Қора-жайларыңызды мықты материалдардан тұрғызып, үй жануарларына уақытылы ен-таңбаларын салдыртыңыздар. Оған қоса, төрт-түлігіңізді жайылымға қараусыз жібермей, сенімді бақташы жалдаңыздар деп кеңес береді.