Құрылыс сапасы қала әкімінің бақылауында

151

«Сапасын өзім қадағалаймын». Шымкенттегі бірнеше құрылыс нысанын аралап шыққан қала әкімі болашақ ғимараттардың талапқа сай бой көтеруін өзі бақылауға алатын болды.

Шаһарда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы барысын көзбен көріп қайтқан билік өкілдері мердігерлерге бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Шымкентте баспанаға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді. Осыны ескерген билік өкілдері тұрғын үй құрылысына қарқын беріп отыр. Әкімшілік іскерлік орталығы аумағында салынып жатқан бұл көпқабатты тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Қазір мұнда ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов пәтерлерді аралап, материалдарына дейін қарап шықты. Кей кемшіліктерді көрсетіп, құрылысшыларға тапсырма берді.

Бағаға сапа сай. Құрылыс шығындарына кеткен қаражатты есептей келе қала билігі Үкіметке тұрғын үйлердің бағасын көтеруді ұсынып отыр. Қолдау тапса, қолжетімді баспаналардың шаршы метрі 200 мың теңгеден сатылады. Осыған дейін 180 мың теңгеден сатылып келген.

Айта кетейік, шаһарда биыл 77 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынады. Жыл соңына дейін 32 баспана ел игілігіне беріледі. Ағымдағы жылы 250 көпбалалы отбасы мен 100-ден астам әлеуметтік осал топ өкілдері мен 900 жас қоныс тойын тойлайтын болады.

Мақпал Рысбаева