Көліктерді заңсыз айдап кеткендер ұсталды

165

Түркістан облысы полицейлері көліктерді заңсыз айдап кеткен тұрғындарды ұстады

Ордабасы АПБ-не Шымкент қаласының тұрғыны арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, облысымызда карантин енгізілгеніне байланысты Ордабасы ауданы аумағындағы блок-посттан рұқсат қағазы болмай өте алмай қалады. Содан бірнеше күнге Ордабасы арқылы өтетін «Самара-Шымкент» тас жолында орналасқан «газ құю» бекетінің операторына өтініш етіп, өзіне тиесілі маркасы «Audi 100» автокөлігін тастап кетеді. 3 күн аралығында жұмыс орнынан рұқсат қағаздарын алып, құжаттарын реттеп көлігін алуға келгенде көлікті де, сеніп тапсырған қызметкерді де таппай қалады. Осылайша, Ордабасы АПБ-не шағымданып, көлігін белгісіз тұлға жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп, заңсыз басқарып, айдап кетіп, оқиға орнынан бой тасалағанын жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңгені құрады.

Аталған жайт СДТТБТ-не Қазақстан Республикасының ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Арызданушының көлігін табу мақсатында аудандық полицейлер қажетті шараларды іске асырды. Жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктіні Кентау қаласына қарасты ауылдардың бірінен ұстады. Ол газ құб бекетінің қызметкері, жергілікті тұрғын болып шықты. Өз кінәсін мойындады.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті көлікті мас күйде айдап кетіп , Түркістан қаласына дейін келіп, өзінің ізін жасыру мақсатында көлікті Түркістан қаласындағы көпқабатты пәтерлердің бірінің ауласына тастап кеткен. Сонан соң, өзі Кентаудағы туысының үйіне барған. Өз ісіне қатты өкінетінін айтқан тұрғынның бас шарасы «қолхатта».

Тәртіп сақшылары жәбірленушінің автокөлігін Түркістан қаласынан тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Осыған ұқсас өзгенің көлігін құқыққа сыйымсыз заңсыз айдап кету жайты Сарыағаш ауданында да орын алды. Бұл жолы Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, ауылдың ішіндегі көшелердің бірінде орналасқан шаштаразға шаш алдыру үшін тоқтап, көлігін ашық күйде қалдырып кеткенін, шашын алдырып шыққанында көлігін таппай қалғанын жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 600 000 теңгені құрады.
Орын алған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақта блок-посттарда тұрған полицейлерге бағыттама берілді. Соның нәтижесінде келесі күні Сарыағаш АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Ильяс Егізбаев пен полиция капитаны Сержан Құлжановтар іздеудегі көлікті байқап қалып, көлікке барады. Тексеру барысында ішінде ішімдікке тойып алған екі тұрғынның бары анықталды. Тез арада АПБ-не хабарлама беріліп, ұсталған азаматтар айықтырғыш орнына жатқызылды. Автокөлік Сарығаш АПБ ауласына қойылды.

Тергеу барысында бір көшеде тұратын екі таныс мас халде келе жатып, есігі ашық, аузында кілті тұрған көлікті көріп қалып, мініп кеткені анықталды. Бас шарасы «қолхатта».

Қазіргі таңда екі жайтта ҚР ҚК-нің 200-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға көліктеріңізді ашық қалдырмаңыздар, өзгеге сеніп тапсырмаңыздар деп ескертеді.