Үшінші мегаполисте құрылыс тоқтамайды

349

Шымкент аумағында каратин кезінде құрылыс тоқтамайды.

«Мемлекеттік бағдарламалар аясында шаһарда салынып жатқан тұрғын үйлер мерзімінде аяқталады. Жұмыс күші жетеді. Баспана кезегінде тұрғандардың уайымдауына еш негіз жоқ»,- дейді сала мамандары

Бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы кестеге сай жүріп жатыр. Алайда, Шымкентте карантин жарияланған соң қиындық туындапты. Жұмыс аптасының алғашқы күні қалада тұратындар шахардағы тосқауыл бекеттерінен өтемін деп жұмысқа кешігіп жетті. Ал көрші аудандардан келетіндер келе алмай қалған. Сондықтан құрылыс компаниясы қосымша жұмысшы қабылдаған.

«Бүгін жұмысқа кіріскенімізге бірінші күн. Біз Қайнарбұлақтан жеттік. Бірнеше бекеттен өткенше, жұмысқа кешігіп қалдық. Қазір тұрғын үйдің ішіндегі сылақ жұмыстарына дайындық жүргізіп жатырмыз. Осы қабаттағы бөлмелерді бітіруіміз керек. Жұмысшыларға сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді», дейді құрылысшылардың бірі.

Шаһарда салынып жатқан 78 тұрғын үйдің 59-ы несиеге, 19-ы жалға берілетін баспаналар. Соның сегізі мамыр айында пайдалануға тапсырылуы тиіс. Жыл соңына дейін 44 тұрғынға баспана үлестіріледі.

Құрылыс басқармасының өкілі қала аумағындағы бірде-бір нысандағы жұмыстың тоқтатылмайтынын айтады. Оларды жұмыс күшімен толық қамтамасыз ету үшін әрі қаладағы бос азаматтарды табыс көзімен қамту үшін қалалық әкімдік Нұр-Сұлтан, Алматыдағы құрылыстардан босаған мамандарды жұмысқа шақырады.
Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Жұмыспен қамту орталығына ұсыныс хатпен шықтық. 400  маман керек. Сұранысқа әсіресе, дәнекерлеушілер, түрлі жұмысшылар қажет».

Жұмыс іздеген азаматтар жұмыспен қамту орталығына бармай -ақ , үйде отырып орталық мамандарымен хабарласа алады.

Абай ауданы                                         8 702 818 80 09
Әл Фараби ауданы                                8 776 176 40 40
Қаратау ауданы                          8 702 662 34 70, 8 775 409 36 16., 8 778 535 24 95

Еңбекші ауданы бойынша                      8 777 602 88 41

Сұрақтарыңыз  болса, мына байланыс телефонына хабарласа аласыз: 8 702 384 21 18

Шынар Оразова