Шектеуге қарамай блок бекеттен өткісі келетіндер көп

191

Карантин басталғалы шымкенттік 60 азамат әкімшілік қамауға алынған. Төтенше жағдайға бағынғысы келмейтіндер қала ішінде ғана емес, шеттегі тосқауыл бекеттерінде де тіркеліп жатыр.

Режимнің күшейтілгеніне 19 күн өтсе де, қалаға кіргісі, не шыққысы келетіндер азаймаған. Алған бетінен қайтқысы келмеген олардың бірі бұған дейін полицейді қаққан еді.

Шымкент шетіндегі блок посттан өткісі келетіндер әлі күнге дейін тосқауыл бекеттерін торуылдап жүр. Жол дорбаларын арқалай келген мұндай азаматтар облыс аумағынан да қалаға қарайлап қояды. Солардың бірі – Аслан Ырзабеков. Карантинге дейін Жетісай қаласында болған ол өзін Шымкент қаласының тұрғынымын деп таныстырды. Сөзінше, осы уақытқа дейін жұмыс бабымен облыста жүрген.

Аслан Ырзабаев, қала тұрғыны: «Мен Жетісайдан келдім. Үйім қалада. Өтейін десем өте алмай тұрмын. Карантинге дейін облыста жұмысым болған еді. Енді міне екі арада қалып кеттім. Осы жерге дейін таксимен келдім. Енді өткізетін шығар десем, жібермей тұр».

Шымкент аумағындағы блок бекеттерде жолаушылар нөпірі бұрынғыдай көп емес. Дегенімен жүк көліктері үзіліп жатқан жоқ. Ал, оларды тек полицейлер емес санитарлар да жіті бақылап жүр. Себебі осыған дейін коронавирустан көз жұмған екі науқас та транзиттік көлік жүргізушілері еді.

Полицейлер сөзінше карантин енгізілгенде блок бекетке жиналып, шу шығарғандар көп болған. Бірақ, тұрғындар ендігі төтенше жағдайға көндігіпті. Дегенімен бұл режимді бұзғысы келетіндер толығымен жойылды деген сөз емес дейді тәртіп сақшылары.

Сардар Тұрсынбай, Абай ауданы полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы: «Күн сайын неше түрлі адам келеді. Бірі банктен ақша аламын десе, бірі тағы бір жаққа барамын дейді».

Айта кетейік, осы күнге дейін қалада шектеу шарасын бұзған азаматтарға 842 рет әкімшілік хаттама толтырылған. Ал, 60 азамат әкімшілік қамауға алыныпты. 120 айыппұл салынып, 120-на ескерту берілген.

Назерке Үкібасова