Кеденнен құрт алып өтем деп құрықталды

203

Алты тоннадан астам өнімді кеден бекеттері арқылы алып өтпек болды, деп хабарлайды Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Мамыр айында «Қапланбек» кеден бекетінде Өзбекстан Республикасынан Қазақстан аумағына кедендік рәсімдеуден өтпеген 6 тоннадан астам өнімді заңсыз алып өтпек болған бірнеше әрекеттің жолы кесілді. Қазақстан азаматтары мемлекеттік шекарадан өткенде жүк көліктерін бос деп көрсеткен. Алайда кедендік тексеру кезінде ведомство қызметкерлері автокөліктерден азық-түлік пен әртүрлі заттарды тапқан.

Мысалы, мамыр айының басында 137 қорапқа қапталған 2710 кг құрт табылды. Дәл сол жерде 10 қапқа салынған 300 кг көк шай және 16 қап балалар, әйелдер және ерлер киімдері де болған. Бұл тауарлардың барлығы рәсімдеуден өтпеген, сол себепті ұсталды.

Бірнеше күн өткеннен кейін ҚР азаматы Т.С Өзбекстаннан Қазақстанға салмағы 2055 кг 137 қорап құрт пен 250 кг көк шай тәрізді мағлұмдалмаған тауарларды алып өтпек болған тағы бір әрекеті сәтсіз аяқталды.

Мамыр айының ортасында Қазақстан азаматтары көрші республикадан 608 кг кәуап таяқшаларын заңсыз алып шықпақ болған, оларды соя ақуызы түрінде алып өткен. Бұл тауар кедендік рәсімдеуден өтпеген, сондықтан шекарадан өту кезінде ұсталды.
Осы олжа табылғаннан кейін екі күн өткенде, бос деп көрсетілген жүк көліктерінің бірінен МКД қызметкерлері 62,7 кг киім тапты. Бұл жүк те шекарадан заңсыз өту кезінде ұсталды.

Шекара арқылы тауарларды заңсыз алып өту деректері бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік шекара арқылы тауарларды заңсыз алып өткені және ел экономикасының ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіргені үшін жауапкершілік бар екендігін ескертеді. Азаматтар мен көлік жүргізушілері, сіздерден шекара арқылы тауарларды алып өту кезінде ҚР, ЕАЭО заңдарының талаптарын орындауды сұраймыз.