Төтенше жағдай режимі жеңілдетілді

206

Шымкентте карантин режимінің енгізілгеніне тура бір ай. Осы уақыттан бері қалада инфекция жұқтырғандар да, одан өлім құшқандар да аз болған жоқ. Бірақ, соңғы аптада сұрықсыз статистика әлдеқайда төмендеді. Осыған байланысты қалада карантин режимі жеңілдетілді. 1-мамырдан бастап Шымкентте кәсіпкерлік нысандар іске қосылып, үйдегі жұрт көшеге шыға бастады.

Шымкент көшелерінде бұрынғыдай қызу тіршілік басталмаса да, соңғы үш күнде жүргіншілер қарасы көбейді. Себебі 1-мамырда бірқатар кәсіпкерлік нысандар іске қосылып, елдің барар жері артты. Осыған дейін азық-түлік дүкеніне барумен шектелген тұрғындар енді көлік, киім, кілем жуу орындары мен шаштаразға шыға бастады.

Абдубақыт Тілеубердиев, қала тұрғыны: «Шаштараздың ашылғанын естіп, дереу кезекке тұрдым. Міне, енді шашымды алғызып жатырмын».

Режимнің жеңілдетілуін төртінен бері төрт қабырғаға телмірген шаштаразшылар да тілепті. Ал, олардың жұмысқа кірісетінін естігенде клиенттер бірден кезекке тұрған. Бірақ, шеберлер қазір тек шаш қиғызамын деушілерді ғана қабылдайды. Оның өзінде 5 адамнан артық болмауы керек.

4 мамырдан бастап Шымкентте тағы 500 шаршы метрден аспайтын дүкендердің іске қосылуына рұқсат берілді. Олардың арасында киім, құрылыс және гүл дүкендері де бар. Бірақ, саудагерлердің сөзінше әзірге келушілердің қарасы аз. Оның үстіне сатылатын заттар да көп емес дейді шағын бизнес иелері.

Лариса Козлова, гүл саудагері: «Гүлдердің таңдау бұрынғыдай көп емес. Тек өңір мен қала аумағындағы гүлдер бар. Сәйкесінше оны алам деушілер де аз. Таңертеңнен бері бір шоқ гүл саттым. Соған риза боп тұрмын. Осы күнді қатты күттік. Үйде отырғаннан шаршап кеттік».

Айта кетейік, бүгіннен бастап қаладағы дүкендер мен салондардан бөлек ойын алаңшалары да ашылды. Енді бір ай бойы үйден шықпаған бүлдіршіндер есік алдында ойнай алады. Ал, өзін өзі оқшаулаған ересектер таза ауада спортпен шұғылдана алады. Бірақ, бұл карантин бітті деген сөз емес. Тек қалада күшейтілген режим жеңілдетілді.

Назерке Үкібасова