Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептерді аралап көрді. Қала басшысы құрылыс қарқынын тексеріп, мердігерлерге нысанды дер кезінде тапсыруды жүктеді. Білім ғимараттарының жаңа оқу жылына дайындығы қалай? Карантин шектеулері құрылысшыларға қаншалықты кедергі болып жатыр?
Шымкент қаласының әкімі бастаған билік өкілдері алғаш болып Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта мектепте жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Іргетасы осыдан 30 жыл бұрын қаланған 1060 орындық білім ғимаратында қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысан бірнеше жылдан бері жарытымды жөндеу көрмепті.
Жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау үшін қала әкімі балалар эстетикалық саз мектебіне де барды. Мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары қазір 30 пайызға аяқталған. Мердігерлер өндірістік кестеден кешікпей нысанды жаңа оқу жылына дейін аяқтауы тиіс.
Қала басшысы қаладағы әбден тозығы жеткен №122 жалпы орта мектепке де ат басын бұрды. 1984 жылы салынған ғимарат қазір жөнделіп жатыр. Қала басшысы құрылыстың сапасына мән беріп, жаңа оқу жылына дейін нысандарды сақадай сай етуді тапсырды.
Мақпал Рысбаева