Жалған жанар – жағар май шығаратын жасырын цех анықталды

158

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі Комитетінің Экономикалық тергеу қызметінің жұмыс бағыттарының ішінде басымды болып мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы деректерін анықтау және жолын кесу болып бекітілген.

Қазіргі таңда жедел мәліметтерге сәйкес, Шымкент қаласы және Түркістан облысы аумағында үлкен көлемдегі сапасыз жанар-жағар майларды сату деректері орын алуда.

2020 жылдың 10 сәуіріндегі Мемлекет басшысының баяндамасында азаматтардан жеткізілетін жанар-жағар майлардың сапасыз болуына байланысты шағымдары келіп түсуде екендігі және сапасыз жанар-жағар майларды жеткізуді тек қана экономикаға емес, сонымен қатар мемлекеттік ұлттық қауіпсіздігіне залал келтіретіндігін атап көрсетті.

2020 жылдың 14 мамырында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы дерегі анықталып тіркелді. Іс-шара нәтижесінде 68 230 литр дизельдік отын тәркіленген, келтірілген залалдың болжамды соммасы 12 213 170 теңгені құрайды.

Анықталғаны, Шымкент қаласының бірнеше тұрғыны жабдықталған жасырын цех ішінде жағар майды арзан пеш жағар майымен араластырып қызмет жасаған, нәтижесінде үлкен көлемде сапасыз жанар-жағар майды жасап отырған.

Әрі қарай аталған жанар-жағар майды Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы автожанармай құю бекеттеріне жеткізіп, нәтижесінде баға айырмашылығымен заңсыз пайда алуды жолға қойған.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 197 бабы 4 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген.

Жоғарыдағының негізінде, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті сапасыз жанар-жағар майды жеткізу және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы деректері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.