«Жұмыс тек қағазда». Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов коммуналдық қызметтердің жұмысын қатаң сынға алды.
Шаһардағы көше бойларында қап-қап боп жатқан қоқыстарға шүйліккен қала басшысы салаға жауаптылардан тәртіп орнатуды талап етті. Мегаполис әкімі қаладағы қоқыс мәселесін шешуге мерзім беріп, осы аралықта бұл түйіткілдің нүктесін қою қажет деді.
Шымкент қаласындағы 500-ге жуық қоқыс алаңшасында бас-аяғы 2 мыңнан астам қоқыс контейнері бар. Оның 600-ден астамы жарамсыз. Одан бөлек көп қабатты тұрғын үйлердің аумағына 700-ден астам контейнер орнату қажет. Салада қордаланып қалған осындай мәселелерге қатысты әкімге де жиі арыз-шағымдар түседі екен.
Жұмыстың тек құжатта жүретініне ашуланған қала әкімі сала басшыларын бір сілкіп алды. Мұрат Әйтенов энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаманкөзге қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары кешеуілдеп жатқандығын жеткізіп, ескерту берді.
Аудан әкімдері тарапынан тиісті қадағалау болмағандықтан да қаладағы қоқыс мәселесі қиындай түскен. Қалай дегенмен, аз уақыт ішінде коммуналдық сала қызметкерлері айтылған сыннан нәтиже шығаруы қажет.
Қорытындысын қала әкімі өзі бақылайды. Айта кетейік, биыл қалаға 1 жарым мыңға жуық жарамсыз контейнер жаңаланады екен.
Мақпал Рысбаева