Шекарадағы шиеленіс: Өзбекстандықтар отанына жете алмай жүр

232

40-градус аптап ыcтыққа шыжғырылған өзбекстандықтар 10 күн бойына осында күнелтіп келеді. Жібек жолы шекара бекетіндегі көлік тұрағы бүгінде қоқыс полигонына айналған. Жүкті әйелдер мен қарттар, балалар да қиын күндерді бастан өткеруде.

Арзыгүл Ақназарова, Өзбекстан азаматы: «Мен бірден Қазақстанның батысынан шекараға келдім. Мені босатпайды. Ақша да қалған жоқ. Барлығын жолға, тамаққа жұмсадым. Оншақты күннен бері осындамын».

Шолпан Ізбасқанова, Өзбекстан азаматы: «Әсіресе әйелдерге қиын. Жүкті әйелдер тіпті әбіржіп кетті. Осыдан 5 күн бұрын 300 әйелді өткізді. Мен қалып қойдым. Жақында босануым керек».

Жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар көршілеріне көмекке келді. Ауыл тұрғындары шетелдік азаматтарға азық-түлік, киім-кешек, тіпті гигиена заттарына дейін әкеп беріп жатыр. Алайда антисанитарлық жағдайда тұрып жатқан тұрғындардан қауіптенетіндерін жасырмайды.

Шынында Қазыбек бекетіндегі 10 шақырым аумағында бірде-бір тұрғын үй жоқ. Біз еңбек мигранттарын осы бекет арқылы өткізудің жолын қарастырып көрдік. Алайда, шекара басқармасындағылар бұл мәселені Өзбекстан билігімен бірлесіп шешетіндерін жеткізді.

Владимир Кенех, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары: «Біздің тарапымыздан хат жолданды. Біз көршілерден шешім күтеміз».

Өзбекстан консулдығының өкілдері бізге 200 жүктің кедіргісіз өткізілгенін жеткізді. Ал жиналған азаматтардың мәселесі 14 күндік карантиндік төсек-орындар босатылысымен шешіледі дейді.

Дильшод Сабиров, Өзбекстан Республикасы Бас консулдығының екінші хатшысы: «Бүгін біз 397 адамды жібереміз. Қазір соларға төсек-орын дайындаймыз. Орындар босауына қарай өткізіп отырамыз. Бірінші кезекте жүкті әйелдер жіберіледі».

Айта кету керек, бұған дейін Тәжікстан азаматтары шекарадан өткен жоқ. Бірақ, бұл мәселе Қазақстан тарапынан БАҚ өкілдерінің араласуынан кейін ғана шешілді. Шекара бекеттерінің ашылуын күткен Өзбекстан азаматтарының арасында 50 тәжікcтандық бар.

Мақпал Рысбаева