Шымкенттік кей ата-аналар балаларын бірінші сыныпқа беруден бас тартып отыр

188

Шымкенттік ата-аналар қашықтан алатын білімнің қиындықтарымен бөлісті. Сөздерінше, үйден алған білім оқушыға оңайлықпен қонбайды. Сондықтан, баласы бірінші сыныпқа биыл баратын кей ата-аналар оқуды ендігі жылға қалдырған. Себебі, смартфон алдында алған сауат мектептегіден төмен. Осылай деген ата-аналар, мектептің ашылуын сұрап отыр.

Шымкенттік Севара Умарова үш баланың анасы. Ол биыл кенжесін бірінші сыныпқа бергелі жүрген. Алайда, оқудың онлайн болатынын естіген ана қызын мектепке ендігі жылы апаруды ұйғарған. Себебі смартфон алдында алғанда алған сабақ сауат болмайды дейді.


Севара Умарова, ата-ана: «Оқу қашықтан болғасын біз баламызды бірінші сыныпқа беруден бас тарттық. Себебі, онлайн оқу оңай емес. Мысалы, соңғы тоқсанды үйде оқимыз деп үлкен баламмен біраз қиналдық. Сағат түскі екіден бастап кешкі алтыға дейін телефон алдында отыратынбыз. Бұл баланың көру деңгейін төмендетіп жібереді».

Бұл пікірмен шымкенттік өзге ата-аналар да қосылады. «Тауық сойса да қасапшы сойсын»  деген олар мұғалімнің орны бөлек екенін айтады. Бірі, қашықтан білім аламыз деп ұялы телефонға бірлік шақ келмейтін болды десе, бірі интернеті бар жерді іздеп әлекке түстік дейді.


Шымкент қаласының тұрғыны:  «Әрине өте қарсымыз. Үйдегі білімнің сапасы өте төмен. Мектептегідей болмайды, әрине. Үйдің ішіндегі обстановка мектептегідей емес қой. Оқығысы келмейді балалар. Соңғы жағында тіпті оларды отырып оқыту мүмкін болмай қалды».

Шымкент қаласының тұрғыны: «Алдында екі ай оқыды ғой. Өте қиын. Мектепте оқығаны дұрыс. Бірақ, енді қайтып үйде оқиды деп жатыр ғой. Соны білмейміз енді».

Шымкент қаласының тұрғыны:  «Көп адамда компьютер жоқ. Онлайн оқу қиын. Кейбір ауылдарда интернет жоқ. Содан балалар бос сандалып жүр»


Шымкенттің білім басқармасы бұл келеңсіздіктің жуырда жойылатынын айтады. Ол үшін тіпті әкімдік қазір жаңа 10 мың компьютер сатып алып қойған. Енді бас-аяғы 24 мың компьтерді басқама басшылығы аз қамтылған отбасы балалары мен көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға уақытша бермек.


Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Бір жанұяға шаққанда 24 мың компьютермен біз қажет деген отбасыларға білім ұйымдардан компьютерлерді уақытша бере тұру шараларымен жоспарлар құрылуда. Дәл сол отбасыларды білім ұйымдарына бөлінген қаржының есебімен интернетпен де уақытша қамту жұмысын жоспарлап отырмыз».


Айта кетейік, Шымкент бойынша биыл 25 мың бала бірінші сыныпқа баруы қажет. Бірақ, әзірге ата-аналардың барлығы бірдей мектепке баруға өтініш беріп бітпеген.

Назерке Үкібасова