Шымкенттің сауықшыл тұрғындарына карантин де кедергі емес

235

Шымкенттің сауықшыл тұрғындарына карантин де кедергі емес. Қаланың кей тұрғындары эпидахуалға қарамай сауық кештерін жасаған. Оны рейд кезінде полиция қызметкерлері анықтапты. Бұдан бөлек, пагондылар тағы 299 заңбұзушылықты тіркеген. Бірі саунаға барып ұсталса, енді бірі массаж жасатам деп айыпты болған.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы: «Бұл енді қазіргі кезде өздеріңіз білесіздер қиын жағдайда біздің қаладағы түнгі ойын-сауық орындары ішінен жауып алып, терезелерді бүркемелеп сондай жұмыс істеп жатқанын анықтадық. Біздер оған протокол толтырып, тиісті органдарға жіберіп жатырмыз. Мен ойлаймын, бұл қатты қынжылтатын жағдай».

3 аптаның ішінде қаладағы 2 түнгі клубтың, 2 дәмхананың, 2 массаж салонының жұмысын тоқтатпағаны анықталды. Енді олар заңнан аттағаны үшін айыппұл төлейді. Айта кетейік, осы уақытқа дейін қазақстандықтар карантин ережесін бұзғаны үшін 20 млн. теңге төлеген.

Назерке Үкібасова