Түркістан облысында коронавирустан 5 дәрігер көз жұмған

155
Pixabay

Түркістан облысында 132 дәрігер коронавирус жұқтырып, 5- еуі ажал құшқан. Мұндай сұмдық жаңалықты облыс әкімі брифингте мәлімдеді.

Айтуынша бүгінге дейін вирус жұқтырған 24 ақ халатты аурудан толық айыққан. Алайда, өңірде қатерлі індет қарқыны үдемей тұр. Осы уақытқа дейін Түркістан облысында тәжівирус 2000-нан астам тұрғыннан табылған. Енді оларды емдеу үшін дәрі — дәрмек Өзбекстаннан жеткізілмек.

Қатерлі дерт Түркістан облысында да өршіп тұр. Осылай деген облыс басшысы өңірде тәжівирус жұқтырғандардың екі мыңнан асқанын айтады. Ал, пневмония анықталғандар саны одан да көп. 5421. Бір қуанарлығы оның 2933 аурудан айыққан. Алайда, өкпе дертінен ажал құшқандар да аз емес. Түркістан облысында 46 азамат пневмониядан, 11 адам коронавирустан қайтыс болған.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Оның ішінде жұқтырып алып жатқан дәрігерлер де бар. Жалпы облыс бойынша 132 медицина қызметкері дертке шалдықты. Оның 24-і емделіп шықты. Өкінішке қарай 5 дәрігер пневмония дертінен көз жұмды».

Дәрі-дәрмек тапшылығы күнгейді де айналып өткен жоқ. Мұның себебін Өмірзақ Шөкеев елдің даурығуынан көреді. Сөзінше жұрт антибиотик тапшылығынан сақтану үшін жаппай сатып алуға көшкен. Салдарынан сөрелер бос қалыпты. Енді оның орнын толтыру үшін Түркия мен Өзбекстаннан емдеу құралдары сатып алынбақ.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Қазір Өзбекстанмен байланысқа шығып, ол жақтан арнайы тізіммен дәрілерді әкелуге келістік. Бүгін, екі фура дәрі келді облысқа. Жаңағы айтып жатқан антибактериальды, антикогулянттар сондай керек дәрілер келіп жатыр қазір».

Ол үшін өңір бюджетінен 500 млн. теңге бөлінген. Осылайша облыс билігі дәрі жоқшылығын жоятынына сенімді. Ал, тыныс алу аппаратының мәселесі Түркістанда әлдеқашан шешіліп қойыпты.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ-Түркістан облысының әкімі: «178 ИВЛ аппараты бар. Одан бөлек тағы 6 ИВЛ кәсіпкерлер демеушілік жасап сатып алып берді. Жетісай ауданынан. Оны толық қанды пайданалып жатырмыз. Оның 45-ін ғана пайдаланып жатыр. Бізде үлкен запас бар».

Соңғы тәулікте коронавирус Қазақстанның 2000-нан астам тұрғынынан табылса, оның 28-і Түркістан облысының тұрғыны. Сөзін осылай деп түсіндірген облыс басшысы індеттің сәл де болса басылғанын айтады.

Назерке Үкібасова