Өкінішке орай, 44859 әскери бөлімінің техникалық аумағында, жарылыс салдарын жою барысында жанбай қалған, жарылуға қаупі бар жарылғыш заттар табылуда. Ол жарылғыш заттардың құрамында кездесетін аз мөлшердегі жарылғыш заттар тасымалдауға аса қауіпті болып табылады.
Осыған орай, Арыс әскери горнизоны аумағында тасымалдауға аса қауіпті болып табылатын жарылғыш заттарды жою жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін әскери бөлімнің техникалық аумағында арнайы орын дайындалған. Бұл арнайы орын бүкіл қауіпсіздік шараларын сақтау ережелеріне сәйкес ұйымдастырылып, жарылғыш заттардың қалдықтарын ұшуын жоққа шығарады. Жарылғыш заттарды өртеу барысында пайда болған қауіптерді төмендетуге керекті шаралар мен арнайы құрылғылар қолданылуда. Жарылғыш заттарды өртеу кезінде тек қана дыбыстық әсер мен қара түтін болады. Жергілікті тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ.
Жоспарға сәйкес жарылғыш заттарды жою жұмыстары күнделікті сағат 8.00 мен 13.00 аралығында болатынын хабарлаймыз.
Құрметті қала тұрғындары! Аталған іс-шаралар қаламызды қауіпті оқ-дәрілерден залалсыздандыру үшін атқарылып жатқандықтан түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Залалсыздандыру жұмыстары қорғаныс министрлігінің арнайы мамандарының бақылауында. Қауіпке негіз жоқ. Үрейге бой алдырмаңыздар! Жалған ақпарат таратушылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатындығын назарларыңызға жеткіземіз.