Қазақстан мен Ресей коронавирусқа қарсы вакцинаны сатып алуға және қолдануға келісті

185

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр басқарған делегация Ресейге жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды primeminister.

Ресей Үкіметі өкілдерімен кездесулерде өнеркәсіптік кооперацияның өзекті мәселелері, барлық клиникалық сынақтар өткізілген жағдайда халықты тегін және ерікті түрде иммундау үшін COVID-19 вакцинасын сатып алу және қолдану мәселелері талқыланды.

Осылайша, Роман Скляр өнеркәсіптік кооперация және фарминдустрия саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша РФ өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен талқылау өткізді. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігінің сипатына толық жауап беретінін атап өтті. Кездесу барысында ірі өндірістік компаниялармен: «КАМАЗ» ЖАҚ, «Петербург трактор зауыты» АҚ, «ЕуроХим» МХК» АҚ, «Хендэ Мотор Мануфактуринг Рус» ЖШҚ және «ГАЗ» Группасымен бірлескен жобаларды іске асыру кезеңдері талқыланды.