«Мүйіз сұраймыз деп, құлақтан айрылдық». Арнамызға арыздана хабарласқан «Отырар» шағынауданы тұрғындары осылай дейді.
Жергілікті халықтың ауланы абаттандырып жатқан құрылысшыларға өкпесі қара қазандай. Осыдан екі ай бұрын басталған жұмыстар сиырқұйымшақтанып кетті дейді тұрғындар. Оның үстіне абаттандыру жұмыстары тым сапасыз жүргізілуде дейді олар.
Бұл «Отырар» шағынауданы Т. Рысқұлов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы. Маусым айында абаттандырыла бастаған нысанның қазіргі ақуалы осы. Аула шаң-топырақ басып, тұрғындардан береке қашқан. Ал балалардың қауіпсіздігі тіпті ескерілмеген де. Кішкентайлар шаң қауып ойнауға мәжбүр. Ол былай тұрсын тіпті балалар алаңшада жиі құлап, жарадар болып жатады екен.
Салтанат Батырбекова, тұрғын: «Балам құлады бетінің барлығы жара-жара болды. Ойын элементтерін қауіпсіз ететін құрылғылар қарастырылса деймін».
Қоқыс тастайтын жәшіктер мен бір мезгіл тізе бүгуге жарап тұрған орындықтарды да құрылысшылар бұзып әкеткен. Салдарынан қоқыс кез-келген жерде шашылып, тұрғындар аулаға шығудан қалған.
Хатира ӘШІМХАНОВА, тұрғын: «Кешке қарай отыра алмаймыз, жап — жаңа орындықтарды алып тастады. Қайда апарды оларды? Біз орындықсыз қалдық».
Жергілікті билік өкілдері біздің түсірілімнен кейін-ақ шұғыл әрекетке кірісіпті. Мердігерлермен бірлесіп ауланы көріп, тұрғындардың уәжін тыңдаған. Көрсетілген кемшіліктер ескерусіз қалмайды деп сендірді тапсырыс беруші тарап.
Досбол Есілбек, Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Біз зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Ойыны элементтері балалар үшін қауіпсіз болу үшін резина жасалады. Арық-атыздардың жарамдысы қалдырылып, жарамсызы ауыстырылатын болады».
Өндірістік кестеге сай нысан қараша айында аяқталуы тиіс. Алайда, құрылысшылар ауланы қыркүйекте толық бітіп, пайдалануға тапсырамыз дейді. Әкімдіктегілер арнайы комиссия құрылыс кезінде көрсетілген барлық олқылықтардың қайта қалпына келуін қадағалайды дейді.
Мақпал Рысбаева