Түлкібастықтар ағын судың азабын тартып отыр

348

Бұл Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Ынтымақ ауылы. Мұндағы ел жазғы азығын егіннен жинайды. Алайда, биылғы еңбек еш кетті деп ашынады тұрғындар. Себебі, жыл сайын таудан келетін ағын судан биыл тамшы да тимеген. Кесірінен көктемде еккен көкөніс көгермеген күйі қалыпты.

Ағын суға зар болғандар қарасы Түлкібас ауданында мұнымен бітпейді. Састөбе кентінде де арық суына жету азапқа айналыпты. Арықтың бәрі кепкен күйі қалды деген тұрғындар егінін амалсыздан ауыз сумен суғарғанын айтады. Алайда, одан шыққан өнім жұрттың көңілін көншітпепті.


Ольга Бирюкова, Састөбе кентінің тұрғыны: «Бау-бақшаға картоп, орамжапырақ сияқты көкөністерді егеміз. Бірақ, оны өсіру бір азапқа айналды. Ағын сумен арпалысып жүріп жетеміз. Биыл тіпті ол да жоқ. Амалсыз үйден ағып тұрған сумен суғардық. Бірақ, егін одан қайбір көгерсін?».


Мәселеден кент әкімі де хабардар екен. Алайда оны шешуге қауқары болмай отырғанын айтады. Сөзінше, ағын суға басқалар жауапты.


Сұлтан Пайзов, Түлкібас ауданы, Састөбе кентінің әкімі: «Оны мен білмеймін. Қашан айтатынымызды. Әні-міні деп келгенбіз. Әлі жоқ. Ынтымақ та «ҚазСуШар» балансында. Бәрі соған қарайды. Білмеймін. Ол жеке ма, үкіметтікі ме?».

Кент жағдайымен әкімнен гөрі ауылшаруашылық бөліміндегілер етене таныс сыңайлы. Мәселені таяуда естідік деген олар ағын су бір айдан соң келеді деп сендіріп бақты.

Абылай Төлепбергенов, Түлкібас аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің маманы: «Бүгін хабарластық. Олар қазір құрылыс жасап жатырмыз деді. 7 км. Сосын толық береміз. Бір айдың көлемінде».

Жаз бойы ағын су азабын тартып келген қараша халық тіршілік нәріне енді күзде бір-ақ қол жеткізетін болды.

Назерке Үкібасова