Әскери-бөлімдегі қару ұрлығы: Басты фигурантқа 10 жыл жаза берілуі мүмкін

191

Прокурор әскери бөлімнен қару ұрлаған Абылай Балғынбайға 10 жыл сұрады. Қоғамды дүрліктірген бұл істің сот отырысы бір ай бұрын басталған еді. Енді міне тергеу амалдары аяқталып, бүгін жарыссөздер басталды.

Және прокурор айыпталушыларға жаза мерзімін сұрады. Ең көп жылды бас фигурант Абылай Балғынбай арқалайтын сыңайлы. Оған прокурор 10 жыл сұрады. Ал, ең аз деген жаза мерзімі Қанағат Орынбекке сұралды. Прокурор сөзінше ол қылмыстың ашылуына белсене атсалысқан. Және оның бұл ісі жазасын жеңілдеуіне себеп болған екен.

Прокурор: «Орынбек қылмыстың ашылуына белсене атсалысты. Қару-жарақты қайдан алғандарын, қайда жасырғандарын да анықтауға көмектесті. Іске кімдердің қатысы бары да оның тергеуінен кейін анықталған. Осыған байланысты оның жазасы жеңілдетілуін сұраймыз. 54 бап бойынша түпкілікті 5 жыл».

Еске сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Бадам маңындағы әскери бөлімнен қару-жарақтардың ұрланып, ондағы кіші сержанттың қызмет орнын тастап кеткені белгілі болған еді. Арада күн өтпей күдікті Абылай Балғынбай Алматы қаласынан ұсталды.

Бүгінгі сот отырысында прокурор оның мемлекет мүлкін ұрлап қана қоймай, қымбат бағада сатқанын да мәлімдеді. Онымен бұл істе 7 азамат сыбайлас болған.

                                                                                                 Назерке Үкібасова