Үйлері су астында қалған мақтаралдықтар жаңа баспанаға 1-қарашада қоныстанады. Осылай деп уәде берген аудан атқамінерлері баспанасыз қалған тұрғындардың кейбірі туған-туысын жағалап жүргенін айтады.
Тағы бірі әлі күнге дейін эвакапунктте күн кешсе, қалғаны су шайған үйлеріне көшкен. Олар Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық ауылының тұрғындары.
Бұл Мақтарал ауданы, Мырзакент ауылындағы жаңа шағынаудан. Құрылысы 4 ай бұрын басталған аумақта барлығы 386 үй бой көтеруі керек. Бүгінде оның 225 аяқталған. Осылай деген жауаптылар баспаналардың 1-қарашада қолданысқа берілетінін айтады. Ал, онда мамыр айындағы су тасқынынан далада қалған үш ауылдың тұрғындары көшіп келмек.
Бақыт АСАНОВ, Мақтарал ауданының әкімі: «Апат келген кезде 25 эвакапункт ашқанбыз. Соның ақырында мына екі елді-мекен өздерінің үйіне барғаннан кейін, қазір бізде 5 эвакапункт жұмыс істеп жатыр. Көбісі туысқаны бар, ағайыны бар сол жақта тұрып жатыр. Тағы басқалары өздерінің мал-жаны болғаннан соң үйлеріне қайтты. Үй ішінде тұрмаса да, есік алдындағы тапшанда күн кешіп жатыр».
Апат кесірінен далада қалған Жеңіс, Жаңа Тұрмыс және Достық ауылының тұрғындары қоныстанатын баспана кәріз жүйесімен де қамтылмақ. Одан бөлек аумақта 4 әлеуметтік нысан құрылысы басталған. Олар 1200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория және полицей бекеті.
Тәжібай ЕГЕТАЕВ, ТО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Мектеп пен балабақшада іргетасы құйлуда. Полиция бекетін 1-қарашада тапсырамыз деп отырмыз. Ал, ауылдық дәрігерлік амбулатория 1-желтоқсанда аяқтаймыз. Ал, қалған екі мектеп пен балабақша келесі жылға өтпелі».
4 ай бұрын апат кесірінен үйсіз қалған ауыл тұрғындары игілігіне тағы саябақ, ойын және спорт алаңшасы берілмек. Олардың аумағы 4 гектарды алып жатыр.
Назерке Үкібасова