Бүгін Шымкентте президент жолдауы талқыланған актив жиналысы өтті. Онда шаһардың дамуына әсер ететін басым бағыттар ортаға салынды.
Қала басшысы осынау міндеттердің үдесінен шығу жолдарын көрсетіп, өз орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді. Билік өкілдері Президент пәрмен беріп отырған салалардағы түйіткілдерді де іркіп қалған жоқ.
Шымкентте Жолдауды қолдау үшін ұйымдастырылған актив жиналысы әдеттегідей өтті. Әкім ондағы басым бағыттарды тізіп шықты. Сценарий бойынша жарыссөзге шыққандар Президентке мадақ айтып, басты құжаттағы тапсырмаларды маңыздылығын айтып, тізбектеп шықты.
Дегенмен, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Президент пәрмен берген кей салалардағы кемшіліктерді жасырмай, ашық жеткізді.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Электр энергиясы тапшы. АГРС құрылысы созылып кетті. Оның аяқталуын өз бақылауыма алдым. Бұл кәсіпкерлікті тоқтатып қоймау керек».
Президент іскерлердің ісіне кедергі келтіргендердің қатаң жазаланатынын қадап айтты. Экспортқа байланбау үшін отандық өнім көлемін арттырудың да маңызы зор. Ал мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлесуі қос тарапқа да үлкен жауапкершілік жүктейді дейді халық қалаулылары.
Жолдауда әдеттегідей, білім саласына да көп көңіл бөлінген. Онлайн оқытудың сапасын арттыру, балабақшалар қызметін жолға қоюға да Мемлекет басшысы ден қойып отыр.
Шаһардың бас ұстазы әсіресе, мектепке дейінгі білім ошақтарының қызметін ваучерлік тәсілмен төлеудің тиімді болатынын айтады.
Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы:» Ваучерлік есеп айырысу балабақшалардың жұмысының сапасын арттырады. Ол кезде ата-аналардың арқасынан балабақша басшысы жүгіретін болады. Себебі, қаражат ата-анада болады».
Шаһар басшысы мегаполистің дамуына серпін беретін басты құжаттағы тапсырмаларды орындауда кедергілерді жоюды өзінің орынбасарларына мықтап жүктеді. Білім, денсаулық сақтау, қаланы абаттандырудың алдағы 5 жылға арналған жоспарын түзуге кірісуді тапсырды.
Мақпал Рысбаева